
Ыстық ауа райы және демалушылар ағынының күтілетін артуы өрт шығу қаупін күшейтеді. ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының мамандары өрттің негізгі себептері отты абайсыз пайдалану, құрғақшылық пен ыстық ауа райы, сондай-ақ құрғақ найзағай екенін атап өтті.
Өрт қаупі кезеңі басталғаннан бері облыста барлығы 72 орман өрті тіркелді.
Өрттердің алдын алу мақсатында өңірде жалпы саны 288 адамнан тұратын 48 мобильді топ құрылды. Олар қазірдің өзінде 890-нан астам рейд өткізді. Сондай-ақ халық арасында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда. Жағдайды бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары белсенді қолданылуда. Әуеден визуалды патрульдеу өрт ошақтарын жедел анықтап, оларға бастапқы кезеңде әрекет етуге мүмкіндік береді.
Самар, Марқакөл, Алтай, Күршім, Үлкен Нарын, Зайсан, Катон-Қарағай аудандарында және Өскемен қаласында 4-сыныпты – жоғары өрт қаупі байқалады.
ШҚО ТЖД тұрғындарға үндеу жасайды: тәртіптілік пен отты абайлап пайдалану – ормандарды өрттен сақтаудың кепілі.
Өртке қарсы ерекше режим қолданылатын кезеңде кез келген ашық отты пайдалануға тыйым салынады: от жағуға, мангалдар мен тамақ дайындауға арналған басқа да құралдарды пайдалануға, қоқыс пен құрғақ шөпті өртеуге, құрғақ өсімдіктерді өртеуге, белгіленбеген орындарда темекі шегуге болмайды.
Саяжай учаскелерінде құрылыс нысандары мен саяжай учаскелерінің арасындағы шөпті шауып, өртке қарсы аралықтарды қамтамасыз ету, сондай-ақ өрт сөндіруге арналған су қорын ұстау қажет. Мангал тазартылған алаңда, ғимараттардан кемінде 10 метр қашықтықта орналасуы тиіс. От тұтату үшін бензин және басқа да тез тұтанатын сұйықтықтарды пайдалануға, сондай-ақ желді ауа райында от жағуға тыйым салынады.
Назарларыңызға саламыз, рұқсатсыз шөп пен өсімдік жамылғысын өртеуге, от жағуға, құрғақ шөпті бақылаусыз өртеуге және өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтамауға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 336, 410-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Өрт анықталған жағдайда дереу «112» телефонына хабарласыңыз.









