Ел саулығы жолындағы адал еңбек

    ·Жаңалықтар мұрағаты
    Ел саулығы жолындағы адал еңбек

    15 қыркүйек – Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерінің күні қарсаңында осы жауапты саланың дамуына өзіндік үлесін қосып, ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп келе жатқан мамандардың өнегелі еңбек жолымен таныстыруды жалғастырамыз.

    Болат Айтмағамбетұлы Аброев 1945 жылғы 7 желтоқсанда Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1973 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын тәмамдап, еңбек жолын Торғай облысы Жақсы ауданында аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станцияның бас дәрігері қызметінен бастады.

    1980 жылдан бастап Саран қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері болып, отыз жыл бойы санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің дамуына елеулі үлес қосты. Оның кәсіби білімі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында қаладағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған маңызды жұмыстар атқарылды.

    2009 жылы құрметті демалысқа шыққанымен, 2015 жылға дейін санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығында санитариялық дәрігер болып еңбек етті.

    Болат Айтмағамбетұлы қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласып, бірнеше рет қалалық халық депутаттары Кеңесінің депутаты болып сайланды. 2016 жылдан бастап Саран қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға үлес қосты.

    Көп жылғы еңбегі мен қоғамдық қызметі жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» медальдарымен және бірқатар Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» құрмет белгісінің иегері атанды.

    Болат Айтмағамбетұлының өмір жолы – халық денсаулығын қорғауға, сүйікті кәсібіне және туған өлкесіне адал қызмет етудің жарқын үлгісі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары