
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті №4 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің мамандары Талғар аудандық орталық ауруханасының дәрігерлерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында 2026 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша медициналық-әлеуметтік сараптамаға (МӘС) жолдамаларды рәсімдеу сапасын арттыру, оңалтудың техникалық құралдарын дұрыс таңдау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, МӘС-ке негізсіз берілген немесе сапасыз рәсімделген жолдамаларға талдау жүргізіліп, медициналық құжаттаманың толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ пациенттің медициналық көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдерін және жеке қажеттіліктерін ескере отырып, оңалтудың техникалық құралдарын дұрыс таңдау қажеттілігі түсіндірілді.
Кездесу барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, қызметтік міндеттерді орындау кезінде заңдылық, ашықтық және адалдық қағидаттарын сақтау маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша медициналық-әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында дәрігерлік-консультациялық комиссиямен жұмысты одан әрі күшейту қажеттілігі айтылды.
Басты мақсат – халыққа сапалы, қолжетімді және ашық медициналық-әлеуметтік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету.









