2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Агенттіктің коллекторлық қызметке қатысты саясаты коллекторлық қызметтер нарығын ретке келтіру үшін реттеуді қатаңдатуға және берешекті өндіріп алу кезінде жосықсыз практикаларды азайтуға бағытталған.
Мәселен, 2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі кезеңде:
- коллекторлық агенттіктердің борышкерлермен өзара іс-қимыл процесіне қойылатын талаптар күшейтілді;
- одан әрі арттыра отырып, капиталдың ең төменгі мөлшеріне қойылатын талаптар, сондай-ақ басшы қызметкерлерге қойылатын біліктілік талаптары белгіленді;
- үлестес кредиторларға қызмет көрсету шектелді;
- коллекторлық агенттіктердің өзара үлестес болуына және үлестес болған жеке сот орындаушыларымен өзара іс-қимылға тыйым салынды.
2024 жылы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес жеке тұлғалардың коллекторлық агенттіктерге микрокредиттерін беруге заңнамалық деңгейде тыйым салынды.
2025 жылғы шілдеден бастап коллекторлық агенттіктердің жауапкершілігін арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында коллекторлық қызметті жүзеге асыру қағидаларын бұзғаны үшін, сондай-ақ жосықсыз әрекеттер жасағаны үшін айыппұлдар мөлшерін екі есе ұлғайту көзделген.