Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі міндеттерінің бірі жастарды, оның ішінде этностардың жас өкілдерін жалпыұлттық келісім мен бірлік негізінде дамыту және шоғырландыру, жастар бастамалары мен жобаларын қолдау болып табылады.
Осыған байланысты, 2021 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан қоғамдық құрылым – «Ассамблея жастары» қоғамдық ұйымы құрылды.
«Ассамблея жастары» - республиканың барлық өңірлерінде өз өкілдіктері бар республикалық қоғамдық ұйым. Оның құрылымына Студенттер Ассамблеясы, Жас ғалымдар клубы, «Жаңа толқын» жобасы кіреді.
Бүгінгі таңда «Ассамблея жастары» әлеуметтік белсенді және прогрессивті жастар қатарынан 9 мыңнан астам адамды біріктіреді.
«Ассамблея жастары» еліміздің ірі жастар ұйымдары мен бірлестіктерінің іс-шаралары мен жобаларына белсенді қатысады.
Олардың тікелей қатысуымен әлеуметтік маңызы бар жобалар мен бастамалар, соның ішінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы, талантты жастарды қолдау бойынша «Жаңа толқын» акциясы, көптеген еріктілер мен қайырымдылық акциялары іске асырылуда. Жыл басынан бері барлығы 900-ден астам осындай іс-шаралар өткізілді.
Сондай-ақ, «Ассамблея жастары» қызметі жастарды әлеуметтік қолдау, ауыл жастарымен өзара іс-қимыл, әсіресе этностардың ықшам тұратын жерлерінде, мемлекеттік тілді дамыту, шығармашылық және әлеуметтік белсенді жастарды қолдауға бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асыру жөніндегі шараларды іске асыруды қамтиды.