Тарихи-мәдени мұра объектілеріне мәртебе беруді уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі (МАМ) жанындағы Тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссияның ұсынысы мен тарихи-мәдени сараптама қорытындысы негізінде, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының (ЖАО) ұсыныстары бойынша жүзеге асырады.
Тарихи-мәдени объектінің маңыздылығын анықтау үшін ЖАО тарихи-мәдени сараптама қорытындысын әзірлеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл жұмысқа тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласында қызмет ететін, тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасына сәйкес ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісінің аккредитациясы бар тұлғалар тартылады (Қазақстан Республикасының "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Заңының 36-бабы).
Ары қарай ЖАО мәдени-тарихи мұра объектісіне тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін беру мәселесін МАМ жанындағы Мәдени-тарихи мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссияның қарауына енгізу туралы ұсыныс береді.
Егер ЖАО толық құжаттар пакетін ұсынса, оның ішінде:
- тарихи-мәдени сараптама қорытындысы;
- мәдени-тарихи мұра объектісінің төрт ракурстан түсірілген фотосуреттері;
- Мәдени-тарихи мұра объектісінің есептік карточкасы;
МАМ ЖАО ұсынысын Арнайы комиссияның қарауына енгізеді.
Егер құжаттар пакеті толық болмаса, мәдени-тарихи мұра объектісіне тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін беру мәселесін қараудан бас тартуға негіз болады және бұл жағдайда құжаттар түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ЖАО-ға қараусыз қайтарылады.
Жергілікті атқарушы органдардың мәртебе беру туралы ұсыныстарын уәкілетті органның, оның ішінде арнайы комиссияның қарау мерзімі олар қарауға түскен күннен бастап 45 (қырық бес) күнтізбелік күнді құрайды.
Арнайы комиссия мәртебе беру туралы жергілікті атқарушы органдардың ұсынысын тарихи-мәдени сараптама қорытындысы негізінде қарайды.
Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер олар үшін комиссияның қатысып отырған мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысы берілсе, қабылданған болып есептеледі. Дауыс беру осы Ереженің қосымшасына сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру арқылы өткізіледі. Комиссия мүшелері ерекше пікір білдіруге құқылы, егер ол білдірілсе, жазбаша түрде баяндалуы және хаттамаға қоса тіркелуі тиіс. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етуші дауыс берген шешім қабылданған болып есептеледі. Комиссия отырыстарының нәтижелері бойынша хаттама жасалады, оған комиссия төрағасы, ал ол болмаған жағдайда төраға орынбасары қол қояды.
ЖАО ұсынысын қарау қорытындысы бойынша арнайы комиссия объектіге мәртебе беру немесе мәртебе беруден бас тарту туралы ұсыныстық сипаттағы шешім шығарады.
Уәкілетті органның ұсыныстарды келісу туралы шешімі негізінде ЖАО тарихи-мәдени мұра объектілерін жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері деп таниды және оларды жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне енгізеді. Арнайы комиссия ұсынған жаңа объектілерді Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізуді мәдени-тарихи маңызы бар объектілерді қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган, яғни ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің 92-бабы 1-тармағына сәйкес әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсiздiкке) шағым әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік актіні қабылдау немесе әкімшілік әрекет жасау (әрекетсiздiк таныту) туралы белгілі болған күннен бастап үш айдан кешіктірмей әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі.