«Коллекторлық қызмет туралы» Заңның 5-бабына сәйкес борышкерлермен/үшінші тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау кезінде коллекторлық агенттіктердің қызметкерлеріне қорқыту, қорлау, бопсалау, жаңылыстыру сияқты жосықсыз әрекеттерді қолдануға қатаң тыйым салынады, сондай-ақ коммерциялық немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны жария етуіне тыйым салынады.
КҚ туралы заңның 16-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес борышкер және (немесе) оның өкілі коллекторлық агенттіктің жұмыскерлерімен өзара іс-қимыл жасасу процесін аудио- және (немесе) бейнетехника құралдарының көмегімен өзі дербес тіркеуге құқылы.
Коллекторлық агенттіктің борышкерлермен/үшінші тұлғалармен берешекті өндіріп алу кезінде өзара іс-қимылының заңсыз фактілері анықталған жағдайда, борышкердің/үшінші тұлғаның Агенттікке шағыммен және растайтын құжаттармен жүгінуге құқығы бар. Коллекторлық агенттік тарапынан заңсыз іс-әрекеттер расталған жағдайда Агенттік коллекторлық агенттіктерге қатысты шаралар мен санкциялар қолданады.