Сыйлықақылар ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрінің 2018 жылғы 25 мамырдағы № 52 бұйрығымен бекітілген Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақыларды беру қағидаларына сәйкес беріледі (бұдан әрі–Қағидалар).
Сыйлықақы алуға өтінімдерді үкіметтік емес ұйымдар береді.
Сыйлықақылар ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2016 жылғы 19 ақпандағы № 51 бұйрығымен бекітілген Үкіметтік емес ұйымдармен өз қызметі жөніндегі мәліметтерін ұсыну және олар туралы дерекқорды қалыптастыру қағидаларына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13355 болып тіркелген) тәртіппен Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорына мәліметтер ұсынған үкіметтік емес ұйымдарға беріледі.
Сыйлықақы алуға конкурсқа қатысу үшін үкіметтік емес ұйымдардың өтінімдерін қабылдау туралы хабарландыруды Уәкілеттті орган жыл сайын 1 шілдеден кешіктірмей интернет-ресурсқа орналастырады. Хабарландыру конкурсқа қатысуға қажетті құжаттар тізбесін және сыйлықақылар беру бағыттарын қамтиды.
Сыйлықақыға үміткерлер сыйлықақы алу конкурсына қатысу үшін келесі құжаттарды ұсынады:
1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақы беру конкурсына қатысуға өтініш;
2) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сыйлықақыға үміткердің сауалнамасы;
3) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сыйлықақыға үміткердің қызметі туралы сипаттама (растайтын материалдармен бірге);
4) соңғы 3 (үш) жыл ішінде ұсынылған бағыт бойынша іске асырылған жобаларды және бірлескен жұмыс барысында қол жеткізілген нәтижелерді растау мақсатында байланыс деректері көрсетілген, өтінім берген үкіметтік емес ұйымның қызметі туралы қоғамдастық (үкіметтік емес ұйымдар), мемлекеттік органдар өкілдерінің ұсынымдары (екіден кем емес);
5) мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы құрылтай құжаттарының және куәлiгiнің (анықтаманың) көшірмелерін. |