Банктік қарыз/микрокредит шарты бойынша міндеттемені орындау мерзімі өткен жағдайда, бірақ ол орын алған күннен бастап он күнтізбелік күннен кешіктірмей банк/микроқаржы ұйымы (МҚҰ) банктік қарыз/микрокредит шартымен көзделген тәсілмен және мерзімде, сондай-ақ ақпараттандыру объектілері арқылы қарыз алушыны мынадай жайттар туралы хабардар етуге міндетті:
1) банктік қарыз / микрокредит шарты бойынша міндеттемені орындау мерзімі өткендігі және банктік қарыз/микрокредит шарты бойынша төлемдерді енгізу қажеттілігі туралы, хабарламада көрсетілген күнгі мерзімі өткен берешек мөлшерін көрсете отырып;
2) банктік қарыз/микрокредит шарты бойынша қарыз алушы – жеке тұлғаның банкке/МҚҰ-ға өтінішпен жүгіну құқығы туралы;
3) банктік қарыз/микрокредит шарты бойынша қарыз алушының өз міндеттемелерін орындамауының салдары туралы.
Қарыз алушы берешекті реттеу туралы өтінішпен жүгінген жағдайда, кредитор өтінішті қарауға және шешім беруге міндетті. Қарыз алушы мерзімі өткен берешекті өтемеген, қайта құрылымдау құқығын іске асырмаған немесе берешекті реттеу бойынша келісімге қол жеткізілмеген жағдайда, банк қарыз алушының ақшасына өндіріп алуды қолдануға құқылы. Сондай-ақ банк/МҚҰ берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беруге, қарыз сомасын өндіріп алу туралы сотқа талап қоюға, сондай-ақ кепілге қойылған мүлікке соттан тыс тәртіппен өндіріп алуды қолдануға құқылы.