Сақтандыру шартын мерзімінен бұрын тоқтату негіздері Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – ҚР АК) 841-бабында регламенттелген.
ҚР АК-нің 841-бабының 2-тармағына сәйкес егер Қазақстан Республикасының заңдарында және сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, сақтанушы сақтандыру шартынан кез келген уақытта бас тартуға құқылы.
ҚР АК-нің 842-бабының 2-тармағына сәйкес, егер бұл ҚР АК-нің 841-бабы 1-тармағының бірінші бөлігінде, осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген мән-жайларға байланысты болмаса, сақтандырушыға төленген сақтандыру сыйлықақысы не сақтандыру жарналары, егер шартта өзгеше көзделмесе, қайтарылуға жатпайды.
Сақтанушы-жеке тұлға аннуитеттік сақтандыру шартын қоспағанда, сақтандыру шартынан бас тартқан кезде, ол жасалған күнінен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде сақтандырушы сақтанушы-жеке тұлғаға сақтандыру сыйлықақысының (сақтандыру жарналарының) сақтандыру қолданыста болған уақытқа пропорционалды бөлігін және сақтандыру шартын бұзуға байланысты, алынған сақтандыру сыйлықақысының (сақтандыру жарналарының) он пайызынан аспайтын шығасыларды шегере отырып, алынған сақтандыру сыйлықақысын (сақтандыру жарналарын) қайтаруға міндетті.
Сақтанушы-жеке тұлға өзінің (қарыз алушының) қарыз шарты бойынша қарыз беруші алдындағы міндеттемелерін орындау себебінен қарыз шартына байланысты сақтандыру шартынан бас тартқан кезде, сақтандырушы сақтанушы-жеке тұлғаға сақтандыру сыйлықақысының (сақтандыру жарналарының) сақтандыру қолданыста болған уақытқа пропорционалды бөлігін және сақтандыру шартын бұзуға байланысты, алынған сақтандыру сыйлықақысының (сақтандыру жарналарының) он пайызынан аспайтын шығасыларды шегере отырып, алынған сақтандыру сыйлықақысын (сақтандыру жарналарын) қайтаруға міндетті.
Сақтандыру шартын бұзу үшін сақтандырушыға өтінішпен жүгіну қажет.