Банктер туралы заңның 36 және МҚҚ туралы заңның 9-2-баптарында берешекті реттеу шарттары мен тәртібі және төлемге қабілетсіз қарыз алушыға қатысты кредитор қолданатын шаралар көзделген. Мәселен, Қарыз алушы мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде жазбаша өтінішпен немесе кредиттік шартта жазылған өзге де тәсілмен қарызды қайта құрылымдау үшін кредиторға жүгінуге құқылы. Өтініште қарыз алушы кешіктірудің не себепті туындағанын көрсетуі, ықтимал қайта құрылымдаудың өз нұсқаларын ұсынуы және кірісінің азайғанын, қиын әлеуметтік жағдайын, қиын өмірлік жағдайын, өзінің кредиттік міндеттемелеріне қызмет көрсету мүмкін еместігін растайтын құжаттарды ұсынуы қажет.
Кредитор қарыз алушы - жеке тұлғаның өтінішін алған күннен кейін күнтізбелік 15 күн ішінде банктік қарыз/микрокредит (БҚШ/МКШ) шартының талаптарына ұсынылған өзгерістерді қарайды және жазбаша нысанда:
1) ұсынылған өзгерістермен келісетіні;
2) өзгерту жөніндегі өз ұсыныстарын ;
3) осындай бас тарту себептерінің дәлелді негіздемесін көрсете отырып, шарттарды өзгертуден бас тарту туралы хабарлайды.
Кредиторлар қарыздарды өтеуде қиындықтарға тап болған қарыз алушыларға қатысты қолдау шараларын енгізу мәселелерін, қарыздарды қайта құрылымдау туралы мәселелерді қарау кезінде әрбір қарыз алушыға жеке тәсілді қолдана отырып, әрбір нақты жағдай бойынша олардың ішкі саясатына сәйкес шешімдер қабылдайды.