Қазақстан Республикасының «Сақтандыру қызметі туралы» Заңының 11-бабы 4-тармағының екінші бөлігіне және өзге де заңнамалық актілерге сәйкес, сақтандыру ұйымдарының сақтандыру төлемдерін кепілдендіру жүйесіне міндетті түрде қатысуы көзделген.
Сақтандыру төлемдерін кепілдендіру «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қор) арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы» Заңының 7-бабы 2-1-тармағына сәйкес, кепілдік берілетін сақтандыру түрлерінің қатарына зейнетақы аннуитеттік сақтандыру кіреді.
Зейнетақы аннуитеті шартын жасаған сақтандыру ұйымы таратылған немесе лицензиясынан айырылған жағдайда, Қор мұндай шарттар бойынша сақтандыру төлемдерінің үздіксіз және уақытылы жүргізілуін қамтамасыз етеді. Сақтандыру портфелі «өмірді сақтандыру» саласы бойынша лицензиясы бар басқа сақтандыру ұйымына берілгенге дейін, төлемдер уақытша әкімшілік арқылы жүзеге асырылады.
Осылайша, зейнетақы аннуитеті шарты бойынша сақтандыру ұйымына аударылған зейнетақы жинақтары Қор арқылы мемлекеттік кепілдікпен қорғалады. Сақтандыру компаниясы таратылған жағдайда сақтандырылған тұлғалар алдындағы сақтандыру төлемдері бойынша міндеттемелер толық көлемде орындалады.