Сақтандыру қызметі туралы заңның 3-бабының 16) тармақшасына сәйкес сақтандыру агенті – сақтандыру агенттерінің тізіліміне енген және тапсырыс шарты негізінде бір немесе бірнеше сақтандыру ұйымдарының атынан және олардың тапсыруымен сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі делдалдық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға. Сақтандыру қызметі туралы заңның 18-бабының 1-тармағына сәйкес сақтандыру агентiнiң сақтандыру нарығында делдалдық қызметтi жүзеге асыруға өкiлеттiктерi осы Заңның және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптары ескеріле отырып, тапсырма шартында айқындалады. Сақтандыру ұйымы мен сақтандыру агентінің арасында жасалатын тапсырма шартына қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді. Сақтандыру агентi сақтандыру ұйымы уәкілеттік берген әрекеттерді жеке өзі жасайды және оларды жасауды өзге тұлғаға қайта сенім білдіріп тапсыруға құқылы емес. Сақтандыру агентінде өкiлеттiктер болмаған жағдайда оның сақтандыру агентi ретіндегі қызметiне жол берiлмейдi. ҚР АК 846-бабына сәйкес тапсырма шарты бойынша бiр тарап (сенiм бiлдiрiлген өкiл) екiншi тараптың (сенiм бiлдiрушiнiң) атынан және соның есебiнен белгiлi бiр заңды iс-әрекет жасауға мiндеттенедi. Сенім білдірілген өкiл жасаған мәмiле бойынша құқықтар мен мiндеттер тiкелей сенiм бiлдiрушiде пайда болады. Тапсырма шарты жазбаша нысанда жасалады.
Осылайша, сақтандыру агентінің сақтандыру ұйымының атынан және оның тапсырмасы бойынша сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі делдалдық қызметі заңнаманың жоғарыда келтірілген ережелерін ескере отырып жасалған тапсырма шарты негізінде жүзеге асырылады.