Кемінде үш жыл толық емес отбасылардан шыққан отбасы мәртебесі бар балалар үшін қандай жеңілдіктер бар?
«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабы 8-тармағының 8) тармақшасына сәйкес https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z070000319 білім беру грантын беру конкурсын өткізу кезінде кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардан шыққан балаларды қабылдау квотасы көзделген.
«Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының көлемін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 26 шілдедегі №357 бұйрығымен https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2300033174 осы санат үшін квота көлемі гранттардың жалпы санынан пайыздық қатынаста бекітілген және ол 3%-ды құрайды.
Осылайша, толық емес отбасылардан шыққан талапкерлер (ата-анасының біреуі тәрбиелеп отырған) мемлекеттік білім беру гранттарын беру конкурсына қатысу үшін өтініш бере алады. Конкурс 13–20 шілде аралығында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) қабылдау комиссиялары арқылы, сондай-ақ «цифрлық үкімет» веб-порталы арқылы онлайн форматында жүзеге асырылады.
Мысал:
Он жеті жасар Даниярдың ата-анасы некесін үш жыл бұрын бұзған, оны анасы жалғыз тәрбиелеп отыр. Білім беру грантын беру конкурсына қатысу үшін Данияр негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, күнтізбелік жылғы 13-20 шілде аралығында ЖЖОКБҰ қабылдау комиссиялары арқылы немесе «цифрлық үкімет» веб-порталы арқылы онлайн форматында мынадай құжаттарды ұсынуы тиіс: баланың туу туралы куәлігі, мерзімі кемінде үш жылды құрайтын некені бұзу туралы куәлік, анасының қайтадан некеге тұрмағаны туралы анықтама. ЖЖОКБҰ қабылдау комиссиясы ұсынылған құжаттарды қарастырып, Даниярды квотасы бар талапкерлер тізіміне енгізеді.