Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы өзіне қатысты мемлекеттік бақылау жүргізілген кезде қандай құқықтарға ие?
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 155-бабына сәйкес, бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүзеге асыру кезінде бақылау субъектісі немесе оның уәкілетті өкілі бірқатар құқықтарға ие ( https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1500000375#z155).
Атап айтқанда, бақылау субъектісі заңнамада көзделген жағдайларда, соның ішінде бақылау шарасын жүргізу құқығын растайтын қажетті құжаттар болмағанда, белгіленген хабарландыру мерзімдері сақталмағанда немесе бақылау жүргізу мерзімдері асқанда, бақылау органының лауазымды тұлғаларын бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізуге жібермеуге құқылы.
Бұдан басқа, бақылау субъектісі егер мәліметтер мен құжаттар бақылау нысанына жатпаса, оларды бермеуге, сондай-ақ бақылау органынан бақылау шарасын жүргізуге байланысты ақпарат пен құжаттарды алуға құқылы.
Мысалы, егер бақылау органының лауазымды тұлғалары тексеру жүргізу үшін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымына (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) келсе, бірақ:
- құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркелгені туралы белгі қойылған бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды немесе тексеруді тағайындау туралы актіні;
- тексеру парағын;
- қызметтік куәлігін не сәйкестендіру картасын;
- құзыретті органның режимдік объектілерге баруға арналған рұқсатын (қажет болған кезде) көрсетпесе, ЖЖОКБҰ оларды тексеруге жібермеуге құқылы.
Сол сияқты, ЖЖОКБҰ жүргізіліп жатқан тексерудің нысанына жатпайтын құжаттар мен мәліметтерді бермеуге құқылы.
Бұл ретте, лауазымды тұлғаларды тексеруге жібермеу құқығын іске асыру тек Кәсіпкерлік кодексінде көзделген негіздер болған жағдайда ғана жүзеге асырылуы тиіс.
Осылайша, ЖЖОКБҰ мемлекеттік бақылау органының заңды талаптарын орындауға міндетті ғана емес, сонымен қатар бақылау шарасын жүргізу барысында өз заңды мүдделерін қорғауға құқылы.