Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған бала тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар үшін қандай жеңілдіктер бар?
«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабы 8-тармағының 7) тармақшасына сәйкес https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z070000319 білім беру грантын беру конкурсын өткізу кезінде төрт және одан да көп кәмелетке толмаған бала тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар үшін қабылдау квотасы көзделген.
«Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының көлемін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 26 шілдедегі № 357 бұйрығымен https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2300033174
аталған санат үшін квота көлемі гранттардың жалпы санынан пайыздық қатынаста бекітілген және ол 5%-ды құрайды.
Осылайша, төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасынан шыққан талапкерлер мемлекеттік білім беру гранттарын беру конкурсына қатысу үшін өтініш бере алады. Конкурс 13–20 шілде аралығында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) қабылдау комиссиялары арқылы, сондай-ақ «цифрлық үкімет» веб-порталы арқылы онлайн форматында жүзеге асырылады.
Мысал:
Он жеті жасар Әлияның 14 және 11 жастағы екі інісі және 5-6 жастағы екі сіңлісі бар. Білім беру грантын беру конкурсына қатысу үшін Әлия негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, күнтізбелік жылғы 13-20 шілде аралығында ЖЖОКБҰ қабылдау комиссиялары арқылы не «цифрлық үкімет» веб-порталы арқылы онлайн форматында өзінің кәмелетке толмаған бауырларының құжаттарын ұсынуы тиіс: барлық балалардың туу туралы куәліктері, ата-анасының жеке басын куәландыратын құжаттары және мемлекеттік жәрдемақы алушының куәлігі (бар болса). ЖЖОКБҰ қабылдау комиссиясы ұсынылған құжаттарды қарастырып, Әлияны квотасы бар талапкерлер тізіміне енгізеді.