Корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде арнаулы салық режимін қолданатын тұлғалардан тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға байланысты салық төлеушінің шығыстары шегерімге жата ма?
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) нормаларына сәйкес корпоративтік табыс салығын (бұдан әрі – КТС) есептеу кезінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді алған күнге арнаулы салық режимін (бұдан әрі – АСР) оңайлатылған декларация негізінде қолданатын тұлғалардан сатып алуға байланысты шығыстар шегерімге жатпайды.
Аталған норма бизнесті бөлшектеу тәжірибесінің алдын алуға, сондай-ақ салық төлеушілер арасында салық жүктемесінің әділ бөлінуін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараты бойынша жекелеген жағдайларда оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ды қолданатын үлестес құрылымдарды пайдалану арқылы салық жүктемесін азайту тетіктері орын алуда. Атап айтқанда, ірі компаниялар өз қызметін бірнеше өзара байланысты дара кәсіпкерлер немесе заңды түрде дербес болып көрінгенімен, іс жүзінде бір тұлғалар тобының бақылауындағы өзге де субъектілер арқылы жүзеге асыруы мүмкін. Мұндай тетіктер табыстарды қайта бөлуге және жиынтық салық жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ өзара байланысты субъектілер арасында нарықтық деңгейден жоғары құн бойынша қызмет көрсету шарттары жасалатын жағдайлар кездеседі. Бұл негізгі кәсіпорынның шығыстарының ұлғаюына және КТС бойынша салық салынатын табыстың азаюына алып келеді, ал үлестес тұлға жеңілдікті салық режимін қолданады.
Осыған байланысты мұндай шығыстарды шегерімге жатқызуды шектеу осындай тәжірибелердің алдын алу мақсатында енгізілді. Бұл ретте аталған шектеу тек оңайлатылған декларация негізіндегі АСР қолданатын дара кәсіпкерлермен және заңды тұлғалармен жасалатын операцияларға ғана қолданылады.
Өзге арнаулы салық режимдері осы норманың қолданылу аясына кірмейді. Қосымша хабарлаймыз, әртүрлі салық режимдерін қолданатын субъектілер арасындағы өзара іс-қимылға заңнамамен тыйым салынбаған. АСР шағын бизнесті қолдау құралы ретінде қолданылуын жалғастырады.
Мысал:
Жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданатын «А көлік компаниясы» ЖШС оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерден тасымалдау қызметтерін сатып алады. Бұл жағдайда мұндай қызметтерге жұмсалған шығыстар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқызылмайды, себебі аталған норма бизнесті бөлшектеудің және өзара байланысты құрылымдар арқылы салық жүктемесін азайтудың алдын алуға бағытталған.
Сұрақ:
Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерден тасымалдау қызметтерін сатып алу бойынша шығыстар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жата ма?
Жауап:
Жоқ, жатпайды. Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерден тасымалдау қызметтерін сатып алуға байланысты шығыстар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқызылмайды. Аталған норма бизнесті бөлшектеудің және өзара байланысты құрылымдар арқылы салық жүктемесін азайтудың алдын алуға бағытталған.