Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік сұранымы дегеніміз не?
Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 75-бабының 1-тармағына сәйкес бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік сұранымы мемлекеттік органның функциялары, өкілеттіктері мен құзыреттерінің іске асырылуын, мемлекеттік органның даму жоспарының немесе даму жоспары жобасының, астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың даму жоспарының тиісті мақсатына және нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізілуін немесе Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының нысаналы индикаторларының іске асырылуын қамтамасыз ету жөніндегі қызметін ашып көрсететін, бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі шығыстар көлемдерін негіздеу үшін кезекті жоспарлы кезеңге жасайтын бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік құжаттамасы болып табылады. Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік сұранымын бюджеттік бағдарламалар әкімшісі жыл сайын жоспарлы кезеңге әзірлейді.
Мысалы, бюджеттік бағдарлама әкімшісі кезекті жоспарлы кезеңге бюджеттік жоспарлауды цифрландыру жөніндегі іс-шараларды іске асыруға арналған шығыстарды жоспарлайды. Бюджеттiк сұранымда ол бюджет қаражатын бөлу қажеттiгiн негiздейдi, шығыстардың мақсаттары мен мiндеттерiн, жоспарланатын iс-шаралар мен нәтижелер көрсеткiштерiн, оның iшiнде автоматтандырылған процестердiң санын, оларды iске асыру кезеңдерiн және ақпараттық жүйенi енгiзуден күтiлетiн әсерді көрсетедi.