Қысқа жауап:
Тауар биржасы– тауарлармен сауда-саттық жүргізуге жағдай жасайтын арнайы ұйым. Ол бағаның ашықтығын қамтамасыз етеді, қатысушыларға тең мүмкіндік береді және мәмілелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Толық жауап:
«Тауар биржалары туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 мамырдағы № 155-IV Заңының 6-бабына сәйкес, тауар биржасы – акционерлік қоғам ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, тауар биржасының электрондық сауда жүйесін пайдалану арқылы сауда-саттықты тікелей өткізу жолымен оның ұйымдастырушылық және техникалық қамтамасыз етілуін жүзеге асыратын заңды тұлға.
Тауар биржасының қызметі уәкілетті орган беретін лицензия негізінде ғана жүзеге асырылады. Тауар биржасы заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, биржалық сауда-саттықты ұйымдастыруға және өткізуге байланысты емес қызметті жүзеге асыруға құқылы емес. Биржалық сауда-саттық электрондық сауда жүйесі арқылы қосарланған қарсы аукцион режимінде электрондық нысанда өткізіледі.
Мысалы, егер астық өндіруші ірі көлемдегі бидай партиясын сатқысы келсе, ол оны тауар биржасына шығара алады. Бұл жағдайда сатып алушылар электрондық форматта өз бағаларын ұсынады, ал мәміле ашықтық пен тең жағдайлар қағидаттары негізінде жасалады.
Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 мамырдағы № 155-IV «Тауар биржалары туралы» Заңы
https://adilet.zan.kz/rus/docs/Z090000155_