Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу тәртібі (бұдан әрі – ӘКСТ) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 17 шілдедегі №140 бұйрығымен бекітілген Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу қағидаларымен
(бұдан әрі – Қағидалар) реттеледі. ӘКСТ-ке енгізілу үшін өтініш беруші жергілікті атқарушы органға әлеуметтік кәсіпкерлік критерийлеріне сәйкестігін растайтын құжаттарды қоса бере отырып, өтініш береді. Өтініштерді қарау жергілікті атқарушы орган жанындағы арнайы комиссия арқылы жүзеге асырылады. Комиссия ұсынылған құжаттарды (өтінішті, кәсіпкерлік субъектісінің санатына сәйкес бекітілген нысандарды) қарап, өтініш берушінің заңнамада белгіленген критерийлерге сәйкестігін тексереді. Қарау нәтижелері бойынша комиссия тізілімге енгізу немесе енгізуден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Оң шешім қабылданған жағдайда жергілікті атқарушы орган ӘКСТ-не енгізу үшін арнайы комиссия ұсынған дара кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар тізбесін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне жолдайды. ӘКСТ Қағидаларда белгіленген тәртіппен кезең-кезеңімен жаңартылып, өзектілендіріліп отырады.
Мысал: «Қамқор» жеке кәсіпкер (бұдан әрі – «Қамқор» ЖК) тоқыма өнімдерін өндіру қызметін жүзеге асырып, мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтиды. Кәсіпорындағы қызметкерлердің 60 %-дан астамын мүгедектігі бар адамдар құрайды, бұл Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әлеуметтік кәсіпкерлік критерийлеріне сәйкес келеді. ӘКСТ енгізілу үшін «Қамқор» ЖК келесі әрекеттерді орындайды:
- тіркелген орны бойынша жергілікті атқарушы органға (әкімдікке) өтініш береді;
- әлеуметтік кәсіпкерлік критерийлеріне сәйкестігін растайтын құжаттарды, оның ішінде қызметкерлер туралы мәліметтерді, мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуды растайтын құжаттарды, сондай-ақ ӘКСТ жүргізу қағидаларында көзделген нысандар мен өзге де құжаттарды қоса береді.
Жергілікті атқарушы орган жанындағы арнайы комиссия ұсынылған құжаттарды қарап, «Қамқор» ЖК белгіленген критерийлерге сәйкестігін тексереді. Оң шешім қабылданған жағдайда комиссия «Қамқор» ЖК ӘКСТ-не енгізуді ұсынады. Жергілікті атқарушы орган ұсынылған мәліметтер мен ұсынылған субъектілер тізбесін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне жолдайды. Келіп түскен материалдар қаралып, өңделгеннен кейін «Қамқор» ЖК туралы мәліметтер ӘКСТ енгізіледі. ӘКСТ-ке енгізілгеннен кейін «Қамқор» ЖК әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі мәртебесін алады және әлеуметтік кәсіпкерлер үшін заңнамада көзделген мемлекеттік қолдау шараларына үміткер бола алады.
Егер ұсынылған құжаттар белгіленген критерийлерге сәйкестікті растамаса, арнайы комиссия ӘКСТ енгізуден бас тарту туралы шешім қабылдайды және бас тарту себептерін көрсетеді.