Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2024 жылғы 30 қыркүйектегі № 78 бұйрығымен бекітілген Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидаларының (бұдан әрі – Тізілім) 7-тармағына сәйкес, Тізілімдегі мәліметтерді өзгерту мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы өзара іс-қимыл жасау негізінде, оның ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен тіркеу органдарының (Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы) деректері негізінде жүзеге асырылады. Кәсіпкерлік субъектісінің қызмет түрі (Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші бойынша) өзгерген жағдайда, тіркеу деректеріне белгіленген тәртіппен тиісті өзгерістер енгізіледі, одан кейін мәліметтер Тізілімде автоматты түрде жаңартылады.
Субъектінің белгілі бір санатпен келіспеуі бойынша жүгінген жағдайларды қоспағанда, кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу жөніндегі уәкілетті органға жеке өтініш беру талап етілмейді.
Мысал: «Батыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – «Батыс» ЖШС) шағын кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелген және тіркелген сәттен бастап бөлшек сауда саласында қызметін жүзеге асырып келген (Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші 47.19 — «Мамандандырылмаған дүкендердегі өзге де бөлшек сауда»).
Бизнес бағытының өзгеруіне байланысты «Батыс» ЖШС бағдарламалық қамтамасыз етуді және ақпараттық технологияларды әзірлеу саласында қызметін жүзеге асыру туралы шешім қабылдады (Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші 62.01 — «Бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу»). Осы мақсатта кәсіпкерлік субъектісі:
1.Заңды тұлғаның тіркеу деректеріне салық органдары арқылы өзгерістер енгізді;
2.Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің өзгеруі туралы мәліметтер Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының ақпараттық жүйелеріне берілді;
3.Ақпарат Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кірістер комитетін қоса алғанда, уәкілетті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне автоматты түрде түсті;
4.Мемлекеттік органдар арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл негізінде кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміндегі мәліметтер автоматты түрде жаңартылды;
Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізуге уәкілетті органға қосымша жүгіну немесе жеке өтініш беру талап етілмеді