Менингококк: тез әрекет етуді қажет ететін инфекция.
Менингококк инфекциясы – өлімге әкелетін қауіпті аурудың бірі. Жұқпаның қоздырғышы Neisseria meningitidis бактериялары, қазіргі кезде 12 түрі анықталған, олардың 6-уы аурушылдықтың ауыр ағымын тудыруы мүмкін. Бактерияның тығыз қабығы – капсуласы бар. Осы капсуланың арқасында менингококк адамның иммундық жүйесінің әсеріне төзімді. Менингококк балаларға аяусыз, статистикаға сәйкес, барлық жағдайлардың 70-80% балаларға келеді. Аурудың клиникалық белгілерінің әртүрлігі және ағымы жылдам болуына байланысты балалар үшін менингококк инфекциясы қауіптілігі бойынша бірінші орында, әсіресе, 5 жасқа дейінгі балалар ауруға ең сезімтал. Жұқпаның берілу жолдары және аурудың маусымдылығы қандай? Менингококк инфекциясы ауа тамшылы жолмен таралады. Тұрмыстық заттар немесе лас қол арқылы жұқтыру өте сирек кездеседі. Инфекция көзі – клиникалық көріністері бар науқас адам немесе бактерия тасымалдаушы. Ересектердің орташа есеппен 25%-ы инфекцияның тасымалдаушысы болып табылады. Олар үнемі бактерияны сыртқы ортаға бөліп отыруына байланысты, қауіпті топқа жатады. Ауру жағдайлары жыл бойы тіркеледі, бірақ менингококктың ерекше белсенділік уақыты қаңтардан мамырға дейінгі аралықты қамтиды, сондықтан қыс пен көктемде сырқаттанушылықтың жоғарылауы байқалады.
Менингококк инфекциясының негізгі профилактикасы. Таза ауада серуендеу; бөлмені жиі желдету; дұрыс тамақтану; иммунитетті нығайту, еңбек және демалыс режимін ұстану, дұрыс ұйықтау; адамдар көп жиналатын орындарға, мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуды шектеу; жеке гигиена ережелерін сақтау – қолды жиі жуу, бір рет қолданылатын қағаз орамалдарды немесе майлықтарды пайдалану.