Ұнды фортификациялау — бидайдың жоғары және бірінші сұрыпты ұнын тағамдық құндылығын арттыру және ағзадағы микронутриенттер тапшылығының алдын алу мақсатында дәрумендер мен минералды заттармен байыту процесі.
Дәнді ұнтақтау кезінде дәрумендер мен минералдардың бір бөлігі жоғалады. Фортификациялау осы жоғалған пайдалы заттардың орнын толтыруға мүмкіндік береді.
Ұн қандай заттармен байытылады?
- Темір — темір тапшылығының алдын алуға көмектеседі.
- Фолий қышқылы — қан түзілу және жасушалардың бөліну процестері үшін қажет.
- Мырыш — иммундық жүйені және зат алмасу процесін қолдайды.
- В тобының дәрумендері — жүйке жүйесінің қалыпты жұмыс істеуі мен энергия алмасуы үшін маңызды.
Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес, ҚР аумағында айналымдағы жоғары және бірінші сұрыпты бидай ұны міндетті түрде фортификациялануға жатады. Ұнды байыту арнайы дәрумендер мен минералдар қоспасын (премиксті) қосу арқылы жүзеге асырылады.
Ұн сатып алған кезде «Байытылған ұн» деген таңбалауына назар аударыңыз.