Қазақстан Республикасында қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту және олардың білімін тексеру тәртібі қандай?
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 1019 бұйрығымен бекітілген, қолданыстағы Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды, нұсқаулық беруді жүргізу және білімдерін тексеру қағидалары мен мерзімдеріне сәйкес қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша оқыту және білімдерін тексеру жылына кемінде бір рет жүргізіледі. Жұмысқа жаңадан қабылданған қызметкерлер, сондай-ақ басқа жұмысқа ауыстырылған қызметкерлер оқудан өтіп, кейіннен білімдері жұмыс беруші белгілеген мерзімде, бірақ еңбек шарты жасалғаннан немесе ауыстырылғаннан кейін бір айдан кешіктірілмей тексеріледі. Оқудан және білімді тексеруден өтпеген қызметкерлер жұмысқа жіберілмейді. Оқыту аяқталған соң білімдері тексеріледі (емтихан тапсырады), оны жұмыс берушінің актісімен құрылатын емтихан комиссиясы жүргізеді. Комиссия құрамы кемінде үш адамнан тұруы тиіс. Білімді тексеру нәтижелері тиісті хаттамамен ресімделеді. Қызметкердің білім нәтижесі қанағаттанарлықсыз болған жағдайда, ол білімі қайта тексерілгенге дейін өз бетінше жұмыс істеуге жіберілмейді.