
Өмірбаян
Спирина Ольга Сергеевна 1991 жылғы 1 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. 2012 жылы Халықаралық Бизнес Университетін «Менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2016 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кино және ТВ режиссурасы» мамандығы бойынша магистратурасын аяқтап, өнертану ғылымдарының магистрі дәрежесін алған.
Мектеп қабырғасында балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық «Ұлан» газетінің жас тілшісі болған. Абай, Мұқағали Мақатаев және Оралхан Бөкей шығармашылығына арналған оқуларға қатысқан.
Еңбек жолын 2010 жылы «МИР» телеарнасындағы «Үш тілдің бірлігі» бағдарламасының жүргізушісі ретінде бастаған. 2012–2018 жылдары «Хабар» телеарнасында жүргізуші болып, «Бірлігіміз жарасқан», «Іске сәт» жобаларын және «Таңғы хабар» таңғы бағдарламасын жүргізген. 2020–2022 жылдары «Ел Арна» телеарнасындағы «Қиындықпен қызық кеш» бағдарламасының жүргізушісі болды. 2025 жылы «Qazaqstan» телеарнасындағы «Ұнайды маған» музыкалық шоуын жүргізді.
Жүргізуші ретінде бірқатар ірі мемлекеттік және халықаралық іс-шараларға қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы жастарының форумдары, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті, Қазақстандағы Өзбекстан жылы және Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясындағы іс-шаралар, Халықаралық армия ойындары, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VI Саммиті, «Азия Дауысы» музыкалық фестивалі және басқа да ауқымды іс-шаралар бар.
Мемлекеттік тілді үйренуге ниетті азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған «Қазақша Speaking Club» қоғамдық жобасының авторы. Сондай-ақ «QazaqTALK: қала диалогы» жобасының спикері ретінде Алматы қаласындағы колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне қазақ тілін үйренуге бағытталған тренингтер мен мотивациялық кездесулер өткізеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. 2023 жылдан бастап РҚБ «Ассамблея жастары» ұйымы Президиумының мүшесі.
2026 жылғы 30 шілдеден бастап Алматы қаласы VIII сайланған мәслихатының депутаты.
«Шапағат» медалімен және 2025 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.




