
Өмірбаян
Тұрабаев Қуаныш Әуесханұлы 1975 жылы 18 тамызда Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында туылған. Ұлты – қазақ. Білімі – жоғары. 1997 жылы Мармара Университетін «Экономист» мамандығы бойынша бітіріп шықты, Ыстамбұл қаласы, Тұркия.
Түркия мемлекетінің Мармара Университетін тәмамдағаннан кейін елге оралып, шетелдік инвесторлардың қатысуымен ашылған ірі компанияларда жұмыс істеді. Негізінен 90 жылдардың соңында Қазақстан нарығына еніп, ұялы телефон операторлығын жүргізген «Кселл», «К-mobile» сынды ірі компанияларда қызмет атқарды.
1999 жылы «Кар-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Астана қаласы филиалының директоры қызметіне тағайындалды. 2003 – 2006 жылдары аралығында «Кселл» АҚ-ның сату департаментінің директоры міндетін атқарды. Аталмыш компанияларда қызмет еткен кезеңде Қуаныш Әуесханұлы өзін білікті маман ретінде таныта білді. Сату және экономикалық мәселелермен айналысып, өзінің қабілетті менеджер екенін айқын дәлелдеді.
2006 жылы Қуаныш Тұрабаев елімізде бастау алған «Қазақстанның үдемелі-индустриялды дамуы» мемлекеттік бағдарламасымен құрылыс материалдарын өндірісін қолға алып, жеке бизнесін ашты.
Бастапқыда құрылыс материалдарының сауда-саттығымен қосымша айналыса жүріп, 2011 жылы Алматы қаласында полиуретан және полистирол элементтері негізінде өндірілетін декоративті материалдардың шағын зауытын ашты. «ADK Index» ЖШС компаниясының бұл өнімдері қазіргі таңда LEPKA маркасымен елімізге кеңінен танымал. Бүгінгі күндері компания декоративті материалдар өндірісі бойынша Қазақстан көлемінде көшбасшы компаниялардың біріне айналды. Сондай-ақ аталмыш зауытта BOYANA тауарлық маркасымен сыртқы және ішкі әрлеуде қолданылатын құрылыс бояулары да өндіріледі. «ADK Index» ЖШС-нің өнімдері Қазақстан Республикасындағы СТ-КЗ сапа және қауіпсіздік талаптарына сай деп танылған. Ғимараттардың сыртқы безендірілуінде қолданылатын өнімдері дәстүрлі декоративтік элементтерге қарағанда анағұрлым ыңғайлы, сапалы және үнемді материал. «ADK Index» өндірген декоративтік элементтер кез-келген стандартты ғимаратты тапсырыс берушінің талғамына орай безендіріп, олардың сыртқы көрінісіне әсемдік пен эстетикалық нақыш қосады. Осылайша қалалар мен елді мекендердің архитектуралық келбетінің жақсаруына үлес қосады.
Қуаныш Турабаев - кәсіпкер ретінде үнемі өзінің біліктілігін жоғарылатып, өндіріс пен бизнес процестерге заманауи технологияларды енгізу арқылы құрылыс материалдарының нарығында «Қазақстандық брендті» қалыптастыра білген білікті менеджер. Кәсіпкерлікке келгенге дейін халықаралық компанияларда басқарушы қызметтерде болуы оның менеджер ретінде шыңдалып, осы іс-тәжірибесін жеке кәсібінде қолданып, табысқа жетуіне және еліміздегі осы саланың дамуына септігін тигізді.
«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшесі. Алматы қаласында өткізілетін партияның қоғамдық-саяси іс-шараларына белсенді араласады. Партияның Жарғысына сай өзіне тапсырылған міндеттерді мүлтіксіз орындап, бағдарламалық құжаттардың жүзеге асырылуына өзіндік үлесін қосып жүрген белсенді тұлға.
Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, соғыс және еңбек ардагерлеріне қайырымдылық көмек көрсету шараларына да үнемі демеушілік жасайды.
«Құрметті құрылысшы» (2019ж.) төс белгісімен марапатталған.
Үйленген. Екі қызы, үш ұлы бар.
2021 жылдан бастап VII сайланым Алматы қаласы мәслихатының депутаты.




