
Өмірбаян
Мен, Нұрлыбаев Руслан Ерғалиұлы, 1987 жылы 23 қыркүйекте дүниеге келдім.
Отбасымда 6 адам тұрады. Әкем Нұрлыбаев Ерғали Әбсәліұлы – заводта оператор болған, ал анам Әкімбаева Гүлайым Сапарқұлқызы, 40 жылға жуық аға медбике қызметін атқарып келеді.
1994 жылы Шымкент қаласындағы № 66 орта мектепке 1 сыныпқа бардым. Орта мектепті 2005 жылы бітірдім. 2005 жылы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 5В072000 – «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығына грантпен оқуға түстім. Бакалавриятты 2009 жылы бітірдім. 2011 жылы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 6М072000 – «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығына магистратураға грантпен оқуға түстім. 2012 жылы магистратураны бітіріп, осы жылы докторантураға «Наноматериалдар және нанотехнология» мамандығына грантпен оқуға түстім. 2015 жылы «Наноматериалдар және нанотехнология» мамандығы бойынша докторлық диссертацияны қорғап, PhD доктор атандым.
Еңбек жолымды 2010 жылы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде «инженер» маманынан бастадым. 2012-2016 жылдары атаулы университетте Ғылыми және инновациялар департаментінің «маман», «жетекші маман», «бас маман» қызметтерін атқардым. 2016-2017 жылдары Химиялық инженерия институтында директордың орынбасары қызметін атқардым. Сонымен қатар, 2016 жылдан бастап «SAVENERGY» ЖШС құрылтайшысы және директор қызметін атқарып келемін.
2010 жылдан бастап ғылым саласында да біліктілігімді жетілдіріп гранттық қаржыландырулары бар ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысып келемін. Бұл салада «Инженер» қызметінен бастап, қазіргі күнде бірнеше жобалардың жетекшісімін. Сонымен қатар, 2017 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің «Өнімді инновацияларды ынталандыру» бірлескен жобасы аясында өткен конкурстың жеңімпазымын, «Энергияны тиімді пайдалануға арналған «вакуумдық жылу оқшаулағыш SAVENERGY панельдерін өндіру» коммерцияланған жобасына жетекшілік еттім. Бұл жобамыздан алған өнім 2019 жылы «Қазақстанның үздік тауары – 2019» көрме-байқауының жеңімпазы атанды. Қазіргі таңда 70-тен аса ғылыми еңбектерім бар. Оның ішінде 10-нан астам ғылыми мақалаларымыз жоғары рейтингті журналдарда, атап айтқанда, «Applied Sciences», «Polymers», «PERIODICO TCHE QUIMICA» сияқты халықаралық танымал басылымдарда жарық көрді.




