
«МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ТӘРБИЕЛЕУ-БІЛІМ БЕРУ ПРОЦЕСІНІҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА ӘДІСТЕМЕЛІК ОТЫРЫС ӨТТІ
«Ақсуат ауданының білім бөлімі» ММ әдістемелік кабинетінің 2026–2027 оқу жылына арналған жоспарына сәйкес, 2026 жылғы 7 қыркүйек күні сағат 10:00-де балабақшалар мен шағын орталықтардың әдіскерлері, шығармашылық топ мүшелері және мобильді топтың қатысуымен «Мектепке дейінгі тәрбиелеу-білім беру процесінің негізгі бағыттары» тақырыбында әдістемелік отырыс өткізілді. Іс-шара «Ақсуат ауданының білім бөлімі» ММ-нің конференц-залында өтті.
КҮН ТӘРТІБІНДЕ:
«Педагогикалық шеберлік пен сапалы білім берудің 10 негізгі бағыты» аясында 2025–2026 оқу жылында атқарылған жұмыстар бойынша әдіскерлер мен тәрбиешілердің есептерін тыңдау және талдау.
2026–2027 жаңа оқу жылында атқарылатын жұмыс жоспарларымен, жаңа нормативтік-құқықтық құжаттармен таныстыру және оларды толтыру жолдары бойынша бағыт-бағдар беру.
БІРІНШІ МӘСЕЛЕ БОЙЫНША ТЫҢДАЛДЫ:
Отырысты аудандық білім бөлімінің әдіскері Рахымбаева Құралай Құжаханқызы кіріспе сөзбен ашты. Ол өз сөзінде білім беру саласындағы басты мақсат – жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру екеніне тоқталып, қазіргі таңдағы «Педагогикалық шеберлік пен сапалы білім берудің 10 негізгі бағытының» маңыздылығын атап өтті. Аталған бағыттар аясында 2025–2026 оқу жылында аудан көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылғанын жеткізіп, білім беру ұйымдарының әдіскерлері мен шығармашылық топ өкілдерінің есептерін тыңдауға кезек берді.
ЖАРЫССӨЗГЕ ШЫҚҚАНДАР:
Баибусинова Гульдана («М.Әуезов атындағы Көкжыра орта мектебі» КММ әдіскері) өз есебінде оқу-тәрбие процесіне жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізу, педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру бағытында атқарылған іс-шаралар және тәрбиеленушілердің білім сапасын арттырудағы 10 негізгі бағыттың тиімділігі туралы кеңінен баяндады.
Ахметова Ардақ («Балдырған» балабақшасының әдіскері) сөз сөйлеп, мектепке дейінгі ұйымдағы бүлдіршіндерді жан-жақты дамыту, тәрбиешілердің шығармашылық әлеуетін арттыру бағытында атқарылған жұмыстар бойынша жылдық есебін ұсынды.
Нурханова Айжан (жекеменшік «Балбөбек» ясли-бақшасының әдіскері) өз кезегінде жекеменшік білім беру секторындағы тәрбие процесінің сапасы, мемлекеттік стандарттардың орындалуы және педагогтердің біліктілігін үздіксіз арттыру жөніндегі тәжірибесімен бөлісті.
Тоқанова Жаннұр («Балбұлақ» шағын орталығының тәрбиешісі) балалардың танымдық және коммуникативтік дағдыларын қалыптастыру бағытындағы практикалық жұмыстарына тоқталып, шағын орталықтағы тәрбие жұмысының нәтижелерін таныстырды.
Дюсембаева Динара («Сасан би атындағы орта мектебі» КММ жанындағы «Ақшуақ» шағын орталығының тәрбиешісі) сөз алып, өткен оқу жылында балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру және заманауи педагогикалық технологияларды қолдану арқылы қол жеткізген жетістіктерімен бөлісті.
ЕКІНШІ МӘСЕЛЕ БОЙЫНША ТЫҢДАЛДЫ:
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің әдіскері Қ. Рахымбаева қайта сөз алып, 2026–2027 жаңа оқу жылында атқарылатын негізгі жұмыстардың бағыт-бағдарын түсіндірді. Педагогтерді жаңа оқу жылына енгізілген өзгерістермен және жаңа нормативтік-құқықтық құжаттармен толық таныстырып, оларды сауатты әрі жүйелі түрде толтыру жолдары мен талаптарын іс жүзінде көрсетті.
Сонымен қатар құжат айналымындағы қателіктерді болдырмау, әдістемелік жұмыстарды цифрландыру және олардың сапасын арттыру бағытында ұсыныстар берілді. Жаңадан жұмысқа қабылданған әдіскер мамандарға әдістемелік көмек көрсетілді.









