ҚАЗЫҒҰРТТА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРҒА ДЕПУТАТТЫҚ ЗЕРДЕЛЕУ ЖҮРГІЗІЛДІ

    ҚАЗЫҒҰРТТА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРҒА ДЕПУТАТТЫҚ ЗЕРДЕЛЕУ ЖҮРГІЗІЛДІ
    Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішовтің өкімімен құрылған уақытша депутаттық комиссия Қазығұрт ауданында зерделеу жұмыстарын жүргізді.
    Зерделеу жұмыстарына Түркістан облыстық мәслихатының Бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Мағауия Тұрысбеков бастаған депутаттар – Алтынсары Үмбетәлиев, Нұржан Әжіметов, Дулат Әбіш, Нұржан Әшіров, Бақытжан Серманизов, Жәнібек Сүлейменов, Ғани Райымбеков және Нұржан Жамалбеков қатысты.
    Жұмыс барысында комиссия мүшелері Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов, аудан әкімінің орынбасарлары және тиісті бөлім басшыларымен бірге аудан аумағындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жай-күйін зерделеді.
    Атап айтқанда, Ащыбұлақ дәрігерлік амбулаториясының, аудандық архив ғимаратының, Д.Қонаев көшесінде орналасқан екі қабатты, 8 пәтерлі 10 тұрғын үйдің, сондай-ақ Шығыс мөлтек ауданындағы 80 гектар аумаққа жүргізілген инженерлік инфрақұрылымның жағдайы қаралды.
    Сонымен қатар депутаттар Шарбұлақ ауылындағы 300 орындық мектептің, спорт кешенінің және ветеринариялық бекеттің жұмысымен танысты. Зерделеу барысында аудан аумағындағы құрылыс нысандарының жай-күйі, инженерлік инфрақұрылымның сапасы және жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелер жан-жақты қаралды.
    Сондай-ақ Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Әзімханұлының 2025 жылы ауданға республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген қаржының игерілуі жөніндегі мәліметі тыңдалды. Облыстық мәслихат депутаттары ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы кезеңде белгіленген жоспарлардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді, жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.
    Бұдан бөлек, Түркістан облысының ветеринария басқармасының атқарған жұмыстары туралы есебі қаралды. Талқылау барысында ветеринария саласындағы бірқатар өзекті мәселелер мен кемшіліктерге назар аударылды. Атап айтқанда, ветеринариялық нысандар құрылысының сапасына қатысты ескертулер айтылып, жұқпалы аурулардың алдын алуға арналған вакциналарды сақтау және қолдану талаптарын қатаң сақтау қажеттігі атап өтілді.
    Анықталған кемшіліктерді жою, ветеринариялық қызметтің сапасын арттыру және тиісті шараларды уақытылы қабылдау жөнінде жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
    Зерделеу нәтижесінде анықталған мәселелер мен ұсыныстар Түркістан облыстық мәслихатының Бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының алдағы отырысында пысықталып, тиісті шешімдер қабылдау үшін қаралатын болады.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазығұрт ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары