
Жыл басынан бері Ақмола облысының аумағында жануарлардың қатысуымен 39 жол-көлік оқиғасы тіркелді, олар түрлі салдарға әкеп соқтырды.
Мұндай оқиғалардың негізгі себептерінің бірі жүргізушілердің абайсыздығы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын бағу мен ұстауға тиісті бақылаудың болмауы болып табылады деп атап айтады Ақмола облысы ПД ППБ қызметінің аға инспекторы полиция аға лейтенанты Руслан Байжанов.
Мәселен, ағымдағы жылдың 7 қыркүйегінде Көкшетау-Атбасар автожолының 49-шы шақырымында "КамАЗ" маркалы ауыр жүк көлігінің жүргізушісі екі жылқыны соғып өткен. Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері келді.
Осы факті бойынша тексеру жүргізілуде, оның нәтижелері бойынша тиісті құқықтық баға беріліп, заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады.
Осыған байланысты полицейлер жүргізушілерді, әсіресе елді мекендер мен мал жаю орындарына жақын орналасқан жол учаскелерінде жылдамдық режимін сақтауға, өте мұқият болуға және жол бойында жануарлардың кенеттен пайда болу мүмкіндігін ескеруге шақырады.
Ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне құқық қорғау органдары малдың автокөлік жолдарына бақылаусыз шығуына жол бермей, оларды күтіп-бағу мен жайылымға тиісті бақылауды қамтамасыз ету қажеттігін еске салады.








