
Көкшетауда полиция қызметкерлері бір реттік электрондық темекіні заңсыз сату фактісін тоқтатты. Қалалық дүкендердің бірінде 259 вейп тәркіленді.
"Қарасора-2026" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері электрондық темекіні заңсыз сату туралы ақпаратты тексерді. Мәліметтер жедел қызметкерлерге есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің әріптестерінен келіп түсті.
Тексеру барысында ақпарат толығымен расталды. Тергеу іс-шараларын жүргізу кезінде полицейлер 259 бір реттік электрондық темекіні тауып, тәркілеген. 21 жастағы сатушы түсіндіргендей, тыйым салынған өнімдер бұрын сатып алынған.
Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды, қажетті тергеу шаралары жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдан бастап Қазақстанда вейптерді, сондай-ақ оған арналған сұйықтықтарды сатуға, әкелуге, өндіруге және таратуға толық тыйым салынған. Электрондық тұтыну жүйелерін заңсыз сатқаны, таратқаны, әкелгені және өндіргені үшін Қазақстан Республикасы ҚК 301-1-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық көзделген.
Атап айтқанда, тұтанбайтын темекі өнімдерін, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оған арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сатқаны және таратқаны, сондай-ақ оларды сақтау, жөнелту немесе сату не тарату мақсатында едәуір мөлшерде тасымалдау үшін 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл, түзеу немесе қоғамдық жұмыстар не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу көзделген.
Полиция азаматтарға тыйым салынған өнімнің заңсыз айналымына жол бермеу туралы ескертеді және заң талаптарын сақтауға шақырады.








