ШҚО-да дәрі-дәрмек бағасы бақылауда

    ШҚО-да дәрі-дәрмек бағасы бақылауда

    Шығыс Қазақстан облысында дәрілік заттардың белгіленген шекті бағадан қымбат сатылмауына тұрақты бақылау жүргізіліп келеді.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ШҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы Мақпал Рахимжанова айтты.

    Оның сөзінше, Комитеттің тапсырмасы мен ресми хаттарына сәйкес, өңірде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткізетін субъектілерден баға туралы мәлімет жиналады. Соған сәйкес, ақпарат сараланып, Комитетке жолданады.

    Комитеттің ресми дерегіне сүйенсек, шілде айында республика бойынша 2 555 дәрілік заттың бағасына мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде 589 препараттың бөлшек сауда бағасы төмендеген. 47 препараттың бағасы 20%-дан астам, 198 дәрілік заттың бағасы 10–20%, тағы 244 препараттың бағасы 5–10% аралығында төмендеген.

    Дәрі-дәрмек бағасын бақылау нақты уақыт режимінде жүргізіледі. Таңбалау және қадағалау жүйесі арқылы препараттардың қозғалысы мен дәріханалардағы нақты сатылым бағасы қадағаланып, белгіленген шекті бағамен салыстырылады.

    Тұрғындар да дәрі-дәрмектің бағасын өздері тексере алады. «Naqty Onim» мобильді қосымшасы арқылы препараттың өндірушісі, дистрибьюторы, сатылатын дәріхана және белгіленген шекті бөлшек сауда бағасы туралы мәлімет алуға болады.

    Қолданыстағы талаптарға сәйкес 2 055 дәрілік заттың атауына мемлекеттік баға реттеуі қолданылады. Бақылауда әлеуметтік маңызы бар және тұрғындар арасында сұранысы жоғары дәрілік препараттарға басымдық берілген.

    Бұдан бөлек, азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштері негізінде дәрі-дәрмектің белгіленген шекті бағадан жоғары сатылу фактілері бойынша Департамент жоспардан тыс тексеру жүргізе алады. Заңбұзушылық расталған жағдайда әкімшілік шара қолданылады.

    Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында дәрілік затты белгіленген шекті бағадан жоғары сату бойынша бір факті анықталды. Аталған жағдай бойынша дәріханаға, яғни заңды тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті" жаңалықтары