
Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасы (бұдан әрі – Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы) кедендік-тарифтік реттеу шараларын, кедендік әкету баждарын, тыйым салулар мен шектеулерді, ішкі нарықты қорғау шараларын қолдану, кедендік статистиканы жүргізу мақсаттарында тауарларды сыныптау үшін пайданалылатын, тауарларды сипаттау және кодтау жүйесі болып табылады.
Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы тауарларға салық салу мақсаттарында және Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге заңнамасында көзделген өзге де мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін.
Дүниежүзілік кеден ұйымының Тауарларды сипаттау мен кодтаудың үйлестірілген жүйесі және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасы Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының халықаралық негізі болып табылады.
Тауарларды сыныптау деп қарастырылатын тауарларды Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша нақты тауарлық позицияларға, қосалқы позицияларға және кіші қосалқы позицияларға кезең-кезеңмен жатқызу түсініледі.
Тауарларды сыныптау мына негізгі өлшемшарттар:
тауар орындайтын функция;
тауар жасалған материал негізге алына отырып жүзеге асырылады.
Бұл ретте, тауарлардың өңделу дәрежесі ескеріле отырып, оларды Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына түсініктеме берудің негізгі қағидаларын және бөлімдерге, топтарға ескертпелерді, сондай-ақ өзіндік ерекшелігі бар сыныптау мәселелерін түсіндіретін қосымша ескертпелерді қолдану негізінде тауарлық кіші қосалқы позицияларға түбегейлі жатқызу қағидаты сақталады.
Декларант және өзге тұлғалар кедендік декларациялау кезінде және Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес кеден органына Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауар коды мәлімделетін өзге де жағдайларда, тауарларды сыныптауды Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес жүзеге асырады.









