
Қазығұрт ауданында 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай «Жастар – ел тірегі» атты шара өтті.
Ашық аспан астында ұйымдастырылған жүздесуге түрлі салада еңбек етіп, білім алып, кәсіпкерлікпен айналысып, шығармашылық және қоғамдық бағыттарда белсенділік танытып жүрген ауданның талантты әрі бастамашыл жастары қатысты.
Кездесуге арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Мұхамедғали Шыршықбаев, 13 ауыл округінен келген жас кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады. Көрмеде жастардың өз қолдарымен әзірлеген ұлттық тағамдары мен ауыл шаруашылығы өнімдері, қолөнер бұйымдары, кондитерлік өнімдер, шығармашылық және дизайнерлік туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Жас кәсіпкерлер өз өнімдерінің ерекшеліктері, кәсіпті дамыту жолдары және алдағы жоспарлары туралы айтып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Аталмыш шара барысында жастар аудан әкіміне өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Әсіресе, кәсіп бастауға ниетті жастарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары, жаңа жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері, медиа саласының әлеуеті және жастардың ақпараттық кеңістіктегі жауапкершілігі кеңінен талқыланды.
«Қазығұрттың болашағы – білімді, еңбекқор, елге жанашыр жастардың қолында. Сіздердің әрбір бастамаңыз бен тың идеяларыңыз ауданымыздың дамуына өзіндік үлес қоса алады. Сондықтан жастардың әлеуетін арттыруға, жаңа жобаларын жүзеге асыруға және қоғамдағы белсенділігін қолдауға әрдайым басымдық беріледі», – деді Мұхамедғали Шыршықбайұлы.
Сондай-ақ жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, өз кәсібін ашып, оны дамытуға мүмкіндік жасау, шығармашылық қабілеттерін шыңдау және қоғамдық ортада белсенді болуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатыны айтылды.
Шара соңында қоғамдық өмірге белсене араласып, өз саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген бірқатар белсенді жастар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.






