
Маңғыстау облысы Полиция департаменті азаматтардың назарын Қазақстан Республикасының «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» Заңында көзделген мемлекеттік өтемақы алу мүмкіндігіне аударады.
Заң қылмыстық құқық бұзушылықтардың жекелеген құрамдары бойынша жәбірленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және оларға біржолғы ақшалай өтемақы төлеуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Кімдер өтемақы алуға құқылы?
Заңның 6-бабына сәйкес, өтемақы алуға, атап айтқанда, сексуалдық зорлық-зомбылықпен байланысты қылмыстар бойынша жәбірленуші болған кәмелетке толмағандар, адам саудасына және азаптауға байланысты қылмыстар бойынша жәбірленушілер құқылы. Өтемақы алуға құқығы бар тұлғалардың нақты санаттары мен қылмыстық құқық бұзушылықтардың құрамы заңда көрсетілген.
Өтемақы мөлшері
Өтемақы мөлшері заңда белгіленген санатқа байланысты 30, 40 немесе 50 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды.
Өтінішті қашан беруге болады?
Адам жәбірленуші деп танылғаннан кейін өтемақы тағайындау туралы өтініш беруге құқылы. Өтініш беру мерзімі – жәбірленуші деп танылған күннен бастап үш жыл.
Маңызды!
Өтемақы алу үшін жәбірленуші қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес жәбірленуші деп танылуы тиіс. Өтемақы тағайындау туралы шешімді қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган қабылдайды.
Маңғыстау облысы Полиция департаменті азаматтарды өз құқықтарын білуге және заңда көзделген мүмкіндіктерді пайдалануға шақырады.
Заңның толық мәтінімен «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінен танысуға болады.
https://www.instagram.com/reel/Db-hSmzMCtn/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==









