
Жетісу облысында вегетациялық кезең қалыпты режимде өтуде. Климаттың өзгеруіне байланысты өңірде су ресурстарын үнемдеу мен цифрландыру шаралары қолға алынды.
Шаруалармен келісімшарт жасасу толығымен электронды биллингтік жүйеге көшірілді. 8 мыңнан астам электронды келісімшарт жасалып, 130 мың гектардан астам егістік алқабын суару жоспарланған. Қазіргі таңда оның 115 мың гектардан астамы толық суарылды.
Су тапшылығын шешу үшін жалпы сыйымдылығы 151 млн м³ болатын 8 жаңа су қоймасы салынады. Бұған қоса, Тышқан, Күртас және Өсек өзендеріндегі 4 жоба мемлекеттік сараптамадан өтті, жақында олардың құрылысы басталады.
Ал Бүйен, Балықты және Жаманты су қоймалары бойынша құжаттар әзірленуде.
Қолданыстағы Ақешкі, Алмалы, Ащыбұлақ және Қызылағаш су қоймалары штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Мамандар диқандарды монодақылдарды азайтып, су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдануға шақырады.







