
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов “Өркен” және “Нұрсая” ықшамаудандарында бой көтеріп жатқан емханаларға барып, құрылыстың жағдайымен танысты.
Екі нысан да типтік жоба бойынша салынып жатыр. Әрқайсысы бір ауысымда 250 адамды қабылдай алады. Емханаларда кеңес-диагностикалық блоктар, зертханалар, күндізгі стационар, профилактика және оңалту бөлімшелері, компьютерлік томография, сәулелі диагностика кабинеттері қарастырылған.
“Өркен” ықшамауданындағы емхана шамамен 70 пайызға дайын. Емдеу мекемесі пайдалануға берілгесін “Өркен”, “Балауса” шағынаудандары мен Еркінқала ауылының тұрғындарына қызмет көрсетеді.
Ал “Нұрсая” шағынауданындағы №5 емхананың дайындығы 90 пайыз шамасында. Медициналық мекеме “Нұрсая-3”, “Самал” ықшамаудандарының және “Жерұйық” ауданының бір бөлігі мен соған іргелес аумақтарда тұратын 30 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетпек.
Мердігер ұйым өкілдерінің мәліметінше, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып кеткен соң жерасты суларының деңгейі жоғары екені анықталып, сол себепті екі нысанның да құрылыс мерзімі өзгертілген. Құрылысты одан әрі жалғастыру үшін жобалық шешімдер қайта қаралып, нысандарда құрылыс алаңдарын құрғатуға мүмкіндік берген инелі сүзгі технологиясы қолданылған.
Облыс әкімі нысандарды аралап шығып, екі емхананы да биылғы қазанның соңына дейін салып бітіруді тапсырды.
— Осы уақытқа дейін құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталуы тиіс. Пайдалануға берген бойда пациенттерді қабылдауға кірісу үшін осы бастан тиісті лицензияларды алып, рұқсат құжаттарын рәсімдей беру керек,— деп тапсырды Болат Ақшолақов.








