Қызылша: себептері, инфекция жолдары, белгілері, емі және балалардағы аурудың алдын алу

    Қызылша: себептері, инфекция жолдары, белгілері, емі және балалардағы аурудың алдын алу

    Қызылша – вирустар тудыратын өте жұқпалы жедел инфекциялық ауру. Бұл ауру көбіне балалар арасында кездеседі, бірақ вакцина алмаған ересектер де қызылшамен ауыруы мүмкін. Қызылша адамнан адамға өте жылдам тарайтындықтан, ол қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселелердің бірі болып саналады. Вакцинация енгізілгенге дейін қызылша балалар арасындағы өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болды. Қазіргі таңда көптеген елдерде екпе жүргізілгенімен, вакцинация деңгейінің төмендеуіне байланысты қызылша ауруының өршу жағдайлары әлі де кездеседі. Сондықтан бұл аурудың пайда болу себептерін, жұғу жолдарын, белгілерін, емдеу тәсілдерін және алдын алу шараларын білу өте маңызды.
    Қызылшаның қоздырғышы – Morbillivirus туысына жататын вирус. Ол адам ағзасына көбінесе тыныс алу жолдары арқылы енеді. Вирус алғашында мұрын мен жұтқыншақтың шырышты қабатында көбейіп, кейін қан арқылы бүкіл ағзаға таралады. Қызылшаның негізгі көзі – ауру адам. Ауру адам жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлегенде ауаға вирустар бөлінеді. Сау адам осы ауамен тыныс алған кезде инфекцияны жұқтырады. Қызылша ауа-тамшы жолымен таралатындықтан, оның жұқпалылығы өте жоғары. Әсіресе балабақша, мектеп сияқты адамдар көп жиналатын орындарда ауру тез таралады.
    Қызылшаның жасырын кезеңі орта есеппен 7–14 күнге созылады. Бұл кезеңде адам өзін сау сезінуі мүмкін, бірақ вирус ағзада көбейіп жатады. Кейін аурудың алғашқы белгілері байқалады. Алдымен дене қызуы көтеріліп, әлсіздік, бас ауруы, тәбеттің төмендеуі пайда болады. Сонымен қатар мұрыннан су ағу, құрғақ жөтел, тамақтың қызаруы және көздің жасаурауы байқалады. Қызылшаға тән белгілердің бірі – ауыз қуысының шырышты қабатында ақ түсті ұсақ дақтардың пайда болуы. Бірнеше күннен кейін бетте және мойында қызыл түсті бөртпелер шығып, кейін олар бүкіл денеге таралады. Бөртпелер бірнеше күн сақталып, біртіндеп жоғалады.
    Қызылша кейбір жағдайларда ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Иммундық жүйесі әлсіз балаларда өкпенің қабынуы, бронхит, ортаңғы құлақтың қабынуы сияқты аурулар жиі кездеседі. Сирек жағдайда жүйке жүйесінің зақымдануы немесе ми қабынуы байқалады. Сондықтан қызылшаға жеңіл ауру ретінде қарауға болмайды. Аурудың алғашқы белгілері байқалған кезде міндетті түрде дәрігерге қаралып, емді уақытында бастау қажет.
    Қызылшаның алдын алудың ең тиімді тәсілі – вакцинация. Вакцина ағзада осы вирусқа қарсы иммунитет қалыптастырады және аурудың ауыр түрінің дамуына жол бермейді. Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес балаларға қызылшаға қарсы вакцина белгіленген мерзімде салынады. Вакцинация тек жеке адамды ғана емес, қоғамды да қорғайды, өйткені екпе алған адамдар саны көбейген сайын аурудың таралу қаупі азаяды.
    Вакцинациямен қатар аурудың алдын алу үшін жеке бас гигиенасын сақтау, бөлмелерді жиі желдету, адамдар көп жиналатын орындарда санитарлық талаптарды орындау және науқас адамдармен байланысты шектеу қажет. Егер бала қызылшамен ауырған адаммен байланыста болса, дәрігерге қаралып, қажетті медициналық кеңес алған дұрыс. Баланың дұрыс тамақтануы, жеткілікті ұйқысы және дене белсенділігі иммундық жүйені нығайтып, жұқпалы ауруларға қарсы тұру қабілетін арттырады.
    Қызылша – жұқпалылығы жоғары болғанымен, оның алдын алуға болатын аурулардың бірі. Уақытылы вакцина алу, аурудың алғашқы белгілерін ерте анықтау және дәрігердің ұсынымдарын орындау балалардың денсаулығын сақтауға және аурудың қауіпті асқынуларының алдын алуға мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті" жаңалықтары