
Түркістан қаласындағы заманауи атшабарда 2009–2011 жылы туған жасөспірімдер арасында аударыспақтан Түркістан облысының чемпионаты өтті. Екі күнге созылған дүбірлі додаға өңірдің түкпір-түкпірінен 100-ге жуық жас спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Облыстық чемпионатта «Келес аудандық ұлттық спорт клубы» КММ-нің спортшы оқушылары жоғары нәтиже көрсетіп, бірнеше салмақ дәрежесінде жеңіс тұғырынан көрінді. Нәтижесінде келестік спортшылар 3 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль жеңіп алып, аудан мерейін үстем етті.
Алтын медальді 42 келіде Шотбай Нұрасыл, 68 келіде Әбілда Нұрымжан және 74 келіде Абдулла Мадәлі иеленді. Күміс жүлдені Тұрсынхан Ерсұлтан (42 кг), Берікбай Әділет (48 кг), Расул Жүсіпәлі (59 кг) және Архабай Жолтай (80 кг) жеңіп алды. Ал қола жүлдеге Көмек Нұрзат, Әшірбек Елдос (48 кг) және Жақсыбек Рамазан (80 кг) қол жеткізді.
Чемпионат қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер алдағы Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алды.









