
Абай облысы Мақаншы ауданындағы Алакөл демалыс аймағында алғаш рет ұйымдастырылған «Алакөл алаулары» фестивалі бүгін қорытынды гала-концертпен түйінделді.
Екі айға жуық уақыт бойы жалғасқан мәдени жоба өңірдің өнері мен шығармашылық әлеуетін кеңінен танытқан ауқымды шараға айналды.
Alazone arena сахнасында өткен гала-концертте «Этно Арлан» тобы, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы Парасат Отан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлмира Сарина, Медет пен Клара Салықовтар, Досымжан Таңатаров, Қазақстанның Халық әртісі Майра Ілиясова, эстрада әншілері Рақымжан Жақайым мен Заттыбек Көпбосынұлы өнер көрсетті.
Фестивальдің жабылу салтанатында облыс әкімі Берік Уәли тұрғындар мен қонақтарды мәдени жобаның сәтті аяқталуымен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы «Түркістан» газетіне берген сұхбатында туризм саласының негізгі мәселелеріне тоқтала келе: «Бұл – экономика, мәдениет, қауіпсіздік және бизнес – барлығы бір жерге тоғысатын күрделі сала», – деп нақты бағыт берген болатын. Осы мақсатта биыл алғаш рет ұйымдастырылған бұл мәдени жоба – Абай облысының рухани өміріндегі айтулы оқиға болды. Екі айға жуық уақыт бойы Алакөл жағалауы ән мен жырдың, ұлттық өнер мен заманауи мәдениеттің үлкен сахнасына айналды. Облысымыздың барлық қала-аудандары өздерінің мәдениеті мен өнерін кеңінен таныстырып, өңіріміздің шығармашылық әлеуетін мыңдаған көрерменнің алдында паш етті. Демалушылардың, туристердің көңілінен шықты. Сондықтан бұл жобаны келесі жылы да жалғастыратын боламыз.
Осындай жобалар өңір экономикасына да серпін береді. Туристік маусымның ұзара түсуіне, кәсіпкерліктің дамуына, қызмет көрсету сапасының артуына және өңірдің кеңінен танылуына ықпал етеді», – деді аймақ басшысы.
«Алакөл алаулары» фестивалі 20 маусымнан бастап аптасына екі мәрте өткізіліп, оның аясында 15 ауқымды концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Әр кеште кемінде еліміздіңекі танымал эстрада жұлдызы өнер көрсетті. Әр концертке орта есеппен 5 мыңға жуық көрермен жиналып, екі айға жуық уақыт ішінде фестивальді шамамен 75 мың адам тамашалады.
Фестиваль аясында облыстың қала-аудандары Алакөл жағалауында өздерінің концерттік бағдарламаларын ұсынып, ұлттық өнер мен заманауи мәдениеттің үздік үлгілерін жұртшылық назарына ұсынды. Мәдени жоба өңір тұрғындары мен демалушылардың басын қосып, Алакөлдің туристік және мәдени әлеуетін кеңінен танытуға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, биылғы туристік маусымға орай Президент тапсырмасы аясында Алакөл жағалауында инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыс жүргізілді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Абай облысының 2026-2028 жылдарға арналған Алакөл жағалауында туризмді дамыту жол картасы бекітілді.
Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында биыл жағалаудағы 5 шақырымға жуық көше жолдарына асфальт төселді. Былтыр да осындай көлемде жұмыс жүргізілген болатын. Биыл жағалауды жарықтандыруға ерекше көңіл бөлінді. Жалпы саны 450 жарық бағаны орнатылып, жағалаудың 4 шақырым аумағы толық жарықтандырылды.
Жағалауда жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған 224 заманауи бейнекамера орнатылды. Соның нәтижесінде жағалауды Семейде отырып қадағалауға мүмкіндік туды. Интеллектуалды жүйе тәулік бойы қоғамдық тәртіпті бақылап, адамдардың шоғырлануын, құқық бұзушылықтарды және ықтимал қауіпті жағдайларды автоматты түрде анықтайды.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жағалауға жалпы ұзындығы 5 мың метр болатын қалқаншалар (буйлар) орнатылды. Алакөл жағалауындағы Қабанбай ауылында құтқару станциясы, көл жағалауында құтқару модулі ашылды. Өрт сөндіру депосының құрылысы жүргізілуде.
Қазіргі уақытта Алакөл жағалауында «Көктал-Алакөл» электр желісінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоба аясында ұзындығы 72,3 шақырым болатын жоғары кернеулі электр желісі тартылады. Жобаның жалпы құны – 7,9 млрд теңге. Бұл жоба Алакөл жағалауындағы электр қуаты тапшылығы мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік береді.









