Мақаншы ауданындағы орталық аурухана күрделі жөндеуден өтіп жатыр

    Абай облысының әкімдігі·
    Мақаншы ауданындағы орталық аурухана күрделі жөндеуден өтіп жатыр

    Облыс әкімі Берік Уәли Мақаншы аудандық орталық ауруханаcында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

    Мақаншы ауылындағы орталық аурухана 1974 жылы пайдалануға берілген. Содан бері ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілмеген. Осыған байланысты 2025 жылдың қыркүйек айында нысанды толық жаңғырту жұмыстары басталды.

    Жоба аясында инженерлік желілер толық жаңартылып, ішкі бөлмелер жөнделуде. Зертханалар мен емшара кабинеттері заманауи талаптарға сай жаңғыртылып, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімді орта қалыптастырылады.

    Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Бүгінде бірінші және екінші қабаттардың бір бөлігінде, сондай-ақ, сантехникалық жүйелер бойынша жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар бірінші, екінші және үшінші қабаттарда қабырғаларды сырлау, линолеум төсеу және дәліздердің аспалы төбесін орнату жұмыстары жүргізілуде.

    Орталық аурухана стационарлық, стационарды алмастыратын және амбулаториялық-емханалық деңгейде білікті әрі мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Мұнда 537 қызметкер еңбек етеді.

    Медициналық мекеме қызмет көрсететін аумақтың ұзындығы 280 шақырымды құрайды. Аурухана 16 шекара заставасына, 3 комендатураға, Үржар ауданы бойынша шекара басқармасына, 31767-Ж әскери бөліміне, олардың отбасы мүшелеріне, Жалаңашкөл көмір разрезінің жұмысшыларына, халықаралық тас жолмен қатынайтын жүк тасымалдаушыларға, Бақты ауылындағы кеден қызметкерлеріне, сондай-ақ, жаз мезгілінде Алакөл жағалауына келетін 1 миллионнан астам демалушыға медициналық қызмет көрсетеді.

    Мекемеде тәулік бойы жұмыс істейтін 100 орындық стационар, 80 орындық күндізгі стационар және ауысымына 125 адам қабылдайтын емхана жұмыс істейді. Сондай-ақ, терапия, хирургия, балалар, босандыру, жүкті әйелдер патологиясы, гинекология, оңалту және инфекциялық бөлімдер халыққа қызмет көрсетеді. Аурухана құрамында Қабанбай ауылындағы күндізгі стационары бар дәрігерлік амбулатория да жұмыс істейді.

    Аймақ басшысы күрделі жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзіміне ерекше назар аударып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру басты міндет екенін атап өтті.

    «Осыдан бір жыл бұрын келіп, осы аурухана ғимаратын көріп, қаражат бөлу туралы шешім қабылдаған болатынбыз. Өйткені, Мақаншы шекаралық аймақта орналасқан жаңадан құрылған аудан, келетін туристер көп. Мердігерлердің айтуынша, құрылыс жұмыстары 90 пайызға аяқталған екен. Құрылыс барысын, бөлінген қаржының қалай игеріліп жатқанын көру үшін арнайы келдім. Былтыр келгенде ғимарат тозып тұр еді. Қазіргі келбеті көз тартады. Жылу жүйелері толық ауыстырылды. Медициналық нысан жаңарып, жаңғырып, екінші тынысы ашылды деуге болады. Мұндағы күрделі жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес орындалуда. Дегенмен, мердігер ұйым анықталған кемшіліктерді толық жоюы қажет. Жұмыстың сапалы әрі талапқа сай орындалуын тұрақты бақылауда ұстаймыз», – деді Берік Уәли.

    Айта кетейік, осыдан сегіз ай бұрын Мақаншы ауылындағы 27 жыл бойы құрылысы аяқталмай тұрған ғимарат «Ауыл – ел бесігі» республикалық жобасы аясында жаңғыртылып, дәрігерлік амбулатория ретінде ашылған болатын.

    Үш қабатты жаңа ғимаратта 15 орындық күндізгі стационар, ауысымына 100 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория, зертханалық диагностика, әйелдер консультациясы, хирургия, стоматология және гинекология кабинеттері жұмыс істейді. Сонымен қатар емшара бөлмесі, тіркеу бөлімі, күту аймақтары және басқа да қажетті кабинеттер қарастырылған. Амбулатория заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

    Өңірде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. 2024–2028 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында 2 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт, 3 медициналық пункт салу және үш қабатты ғимаратты күндізгі стационарымен, зертханасымен және әйелдер консультациясымен бірге дәрігерлік амбулаторияға қайта жаңғырту жоспарланған.

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының әкімдігі" жаңалықтары