2027 жылы Астанада УЕФА конгресі өтеді

    2027 жылы Астанада УЕФА конгресі өтеді

    2027 жылғы 22 сәуірде Астанада Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) 51-конгресі өтеді. Бұл – ұйымның ең жоғары басқарушы органы. Конгресс барысында Еуропа футболының алдағы жылдардағы даму бағытын айқындайтын маңызды шешімдер қабылданады.

    Конгреске УЕФА құрамына кіретін 55 ұлттық футбол қауымдастығының өкілдері, ұйым президенті, Атқарушы комитет мүшелері, ФИФА, еуропалық лигалар, клубтық бірлестіктер және халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері қатысады.

    Алдағы конгрестің басты ерекшеліктерінің бірі – сайлау рәсімінің өтуі. Дәл осы Астанада УЕФА президенті мен Атқарушы комитет мүшелері сайланады.

    Қазақстанның осындай ауқымды іс-шараны өткізу құқығына ие болуы – УЕФА-ның елімізге білдірген жоғары сенімінің және халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шараларды ұйымдастырудағы тәжірибесі мен әлеуетінің мойындалғанының айқын дәлелі. Конгресті ұйымдастыруға байланысты барлық шығынды УЕФА өз қаражаты есебінен қаржыландырады.

    УЕФА конгресін өткізу Қазақстанда футболды дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың заңды жалғасы болмақ. Елімізде футбол инфрақұрылымы жаңғыртылып, балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар кәсіби клубтарды басқару тиімділігін арттыруға бағытталған реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

    Кәсіби футболды коммерцияландырудың алғашқы кезеңінде 11 клуб инвестиция тартуға негізделген жаңа басқару моделіне көшті. Осы бағытқа 80 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Екінші кезеңде тағы 8 кәсіби клубты коммерцияландыру жоспарланып отыр. Бұл клубтардың қаржылық дербестігін күшейтіп, саланың тұрақты дамуына жаңа серпін береді.

    Еске салсақ, 4 тамызда Францияның «Пари Сен-Жермен» футбол клубы Қазақстанда өзінің ресми академиясын ашатынын жариялады. Әлемдік футболдағы жетекші брендтердің бірінің елімізге келуі балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға, заманауи даярлық әдістемелерін енгізуге және халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

    Қазақстан Еуропаның футбол кеңістігіндегі өз орнын кезең-кезеңімен нығайтып келеді. Бүгінде еліміз халықаралық деңгейдегі ірі спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізе алатын әрі футболды барлық бағытта тұрақты дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырған мемлекет ретінде танылып отыр.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі" жаңалықтары