
Астанадағы «Нұр Әлем» павильоны алдындағы алаңда 9 тамыз күні Heart Center Foundation қоғамдық қорының ұйымдастыруымен және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен жыл сайынғы «Жүрегімнің жеңімпазы» қайырымдылық жүгіру фестивалі өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қайырымдылық жүгіру фестиваліне Heart Center Foundation қоғамдық қорының ресми сайты арқылы тіркелуге болады.
Іс-шара 2012 жылдың тамыз айында Қазақстанда алғаш рет жасалған жүрек трансплантациясының құрметіне ұйымдастырылып, ағза трансплантациясын күтіп жүрген жандарға қолдау көрсетуге әрі қоғамның назарын трансплантология саласының маңыздылығына аударуға бағытталған.
Биыл фестиваль алғаш рет ауқымды қалалық қайырымдылық іс-шарасы форматында өтеді. Оған жасына және дене дайындығына қарамастан барлық ниет білдіруші қатыса алады. Қатысушылар үшін 1, 3 және 10 шақырым қашықтықтар қарастырылған. Ал 1 шақырымдық қашықтық жүгірумен кәсіби айналыспайтын, бірақ игі бастаманы қолдағысы келетін тұрғындарға арналған.
Жүгіру бағыты елорданың көрікті жерлері мен басты сәулет нысандарын қамтиды.
Мәреге жеткен әрбір қатысушыға естелік медаль табысталады. Старттық жиынтықтарды 6-8 тамыз аралығында Астана қаласының Тұран даңғылы, 38 мекенжайындағы UMC Жүрек орталығынан алуға болады.
Фестиваль аясында келушілер үшін Check-up аймағында тегін медициналық тексерулер, шеберлік сабақтары, балаларға арналған ойын және интерактивті алаңдар, жергілікті өндірушілер жәрмеңкесі, фудкорт пен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Бас сахнада қазақстандық эстрада жұлдыздары Бүркіт пен Аиша, Мархаба Сәби және Орынхан өнер көрсетеді.
Қайырымдылық фестивалінің басты мақсаты – осы азаматтарға қолдау білдіру және қоғамның назарын ағза донорлығының маңыздылығына аудару.
Heart Center Foundation қоғамдық қорының директоры Мұрат Зауыровтың айтуынша, фестивальдің басты құндылығы – спорттық нәтиже емес, адам өміріне деген құрмет пен қолдау.
«Трансплантациядан кейін адамның 10 шақырымды жүгіріп өткенін көргенде, адам өмірінің қадірін мүлде басқаша бағалай бастайсың. Көптеген жарыста «Қашықтықты қанша уақытта жүгіріп өттің?» деген сұрақ қойылса, Jüregımnıñ Jeñımpazy фестивалінде басты сұрақ – «Бүгін сен кім үшін жүгірдің?». Біздің мәреде жеңімпаз да, жеңілген де жоқ. Мұнда өмірге үміт сыйлау үшін жиналған жандар бар», – деді Мұрат Зауыров.
Бірнеше жылдың ішінде жоба шағын велошеруден еліміздегі ең ірі қайырымдылық фестивальдерінің біріне айналды. 2022 жылы оған шамамен 500 адам қатысса, 2025 жылы қатысушылар саны 5 мыңға жетті. Биыл ұйымдастырушылар 7 мыңнан астам қатысушы мен қонақты күтіп отыр.
Дәстүр бойынша жүгіруге трансплантациядан кейін екінші өмірге мүмкіндік алған азаматтар да қатысады. Биыл олардың қатарында бүйрек трансплантациясынан өткен Анар Шаймергенова мен бауыр трансплантациясынан кейін қалыпты өмірге оралған Андрей Шелестюк бар. Олар өздерінің өмір жолы арқылы трансплантацияны күтіп жүрген мыңдаған адамға үміт сыйлауды мақсат етеді.









