
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары К.Иманғалиев «Caspian News» телеарнасының «Новости» бағдарламасына берген сұхбатында 2026 жылы күшіне енген Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне енгізілген негізгі өзгерістер туралы айтып берді.
Енгізілген түзетулер еңбек қатынастарын одан әрі жетілдіруге, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауды күшейтуге, еңбекақы төлеудің әділ жүйесін қамтамасыз етуге, қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыруға және ұлттық еңбек заңнамасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған.
Қ. Иманғалиевтің айтуынша, өзгерістер Еңбек кодексінің 22, 23, 25, 111, 117 және 159-баптарына енгізілген.
Атап айтқанда, Кодекстің 22-бабы жұмыскердің еңбек қызметін жүзеге асыру барысында оның қадір-қасиетінің құрметтелуіне құқығымен толықтырылды. Бұл норма жұмыс орнында өзара құрметке негізделген қолайлы еңбек ортасын қалыптастыруға, кемсітуге, қорлауға және жұмыскердің ар-намысы мен қадір-қасиетін төмендететін кез келген әрекеттердің алдын алуға бағытталған.
«Жұмыскердің қадір-қасиетін құрметтеу құқығын заңнамалық деңгейде бекіту – еңбек саласындағы құқықтық кепілдіктерді күшейтуге бағытталған маңызды қадам. Бұл өзгеріс еңбек қатынастары мәдениетін арттыруға және әрбір жұмыскердің құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге ықпал етеді», – деді Қ. Иманғалиев.
Сонымен қатар, енгізілген өзгерістер еңбек қатынастарын құқықтық реттеу тетіктерін жетілдіруді, еңбек шарты тараптарының құқықтары мен міндеттерін нақтылауды, сондай-ақ еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету тетіктерінің тиімділігін арттыруды көздейді.
Департамент жұмыс берушілер мен жұмыскерлерді Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістермен мұқият танысып, еңбек заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады.









