Мирас шағын ауданы тұрғындарымен кезекті кездесу

    Мирас шағын ауданы тұрғындарымен кезекті кездесу

    Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкін Мирас шағын ауданының тұрғындарымен кездесті. Жүздесуге қалалық мәслихат депутаты, қоғамдық кеңес төрағасы, құқық қорғау органдарының өкілдері, қала әкімі аппаратының басшысы, дербес бөлім басшылары мен қызмет көрсету мекемелерінің, сондай-ақ мердігер мекемелердің өкілдері қатысты.

    Кездесу барысында шаһар басшысы Мирас және Геолог шағын аудандарындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, 2026–2027 жылдары мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің VII кезеңі аясында бірқатар көшеге түнгі жарық шамдары орнатылады. Сондай-ақ, Мирас шағын ауданын электр энергиясымен қамтамасыз ететін №217/1 және №217/2 трансформаторлық станциялары арасындағы әуе желісін өздігінен оқшауланатын кабельге ауыстыру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленді.

    Тұрғындардың сұранысына сәйкес 2025 жылы Мирас шағын ауданында 2, ал Геолог шағын ауданында 3 заманауи балалар ойын алаңы салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 2025 жылы Геолог шағын ауданында демеушілік қаражат есебінен жаңа саябақ ашылды. Мұнда жаяу жүргіншілер жолдары, балалар және спорт алаңдары, шағын футбол алаңы мен жарықтандыру жүйесі қарастырылып, жасыл-желек отырғызылды.

    Ауыз сумен қамту бағытында да жұмыс жүргізілді. 2025 жылы Геолог шағын ауданындағы Төле би көшесінде ұзындығы 790 метр ауыз су құбыры жаңартылып, пайдалануға берілді.

    Кәріз желілерінің құрылысы бойынша «Атырау қаласының Геолог және Мирас шағын аудандарында кәріз желілерін салу» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аяқталғаннан кейін 8 мыңнан астам тұрғын орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады. Бұдан бөлек, Мирас шағын ауданының қалған бөлігі мен Томарлы ауылына жалпы ұзындығы 42,7 шақырым кәріз желісін жүргізуге арналған жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылды.

    Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, нақты жауаптар алып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы әр тұрғынның пікірі маңызды екенін атап өтіп, көтерілген мәселелер заңнама аясында кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Атырау қаласының әкімдігі" жаңалықтары