
Бүгін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келді.
Бүгінде Мемлекет басшысының көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмалары еліміздің стратегиялық жоспарының ең негізгі тармағы болып есептеледі. Жол құрылысы жобалары Үкімет басшысының жіті бақылауында.
Алғашқы нысан – республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолының учаскесі. Мұнда құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқыны және қажетті материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз ету туралы баяндалды.
«Ұлғайсын – Сексеуіл» бағыты, «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолы қайта жаңғыртылғаннан кейін олардың өткізу қабілеті артып, өңірлер арасындағы көлік қатынасы жақсарады. Еліміздің халықаралық транзиттік әлеуеті нығая түседі.
Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолдарының құрылысын ресми түрде бастап берді. Президент өз сөзінде көлік дәліздерін дамыту ел экономикасының бәсекеге қабілетін арттыруға және өңірлердің әлеуетін күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.
«Мемлекет басшымыз аталған жобаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Сондықтан құрылыс жұмыстарының үйлесімді ұйымдастырылуын қамтамасыз етіп, барлық туындаған мәселені жедел шешу қажет. Бұл жолдар батыс өңірлердің көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
«Қазавтожол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашевтың айтуынша, жол құрылысына тәжірибелі мердігер ұйымдар тартылған. Қазіргі таңда барлық учаскеде жұмыс басталып, қажетті материалдармен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілген.
Аймақ басшысы Асхат Шахаров өңірде өзге де ірі жол жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанына тоқталды. Қазіргі уақытта «Ембі – Шалқар», «Қандыағаш – Шалқар» бағыттарында және Т. Жүргенов ауылы арқылы Қостанай бағытына шығатын автомобиль жолында құрылыс қарқын алған. Бұдан бөлек, Ақтөбе облысының аумағы арқылы өтетін «Қызылорда – Қостанай» көлік бағытын дамыту жобасы пысықталуда. Бұл жобалар аяқталған соң өңірдегі автомобиль жолдарының сапасы едәуір жақсарып, басым бөлігі нормативтік талаптарға сай болады.
Өңірдегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 875 шақырым, биыл 1 122,5 шақырым жол құрылыс және жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Оның ішінде 856 шақырым жол қайта жаңғыртылып, екі көпір күрделі жөнделуде.
Сонымен қатар «Әлімбет» өткізу пунктін қайта жаңғырту жалғасуда. Қазіргі таңда облыстағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 88 пайызының жағдайы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде.
Бүгінгі жол инфрақұрылымын жаңғырту жобалары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді.









