
2026 жылғы 17 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің Коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және тіркеу қызметі саласындағы бақылау бөлімінің қызметкерлері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалының Өскемен қаласы бойынша халыққа қызмет көрсету жөніндегі №1 бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Халыққа қызмет көрсету орталығының базасында заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және ресми құжаттарға апостиль қою саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша түсіндірме сипаттағы ақпараттық буклеттер тарату акциясын ұйымдастырды.
Іс-шара барысында азаматтарға электрондық «апостиль» штампын қою жөніндегі мемлекеттік қызметті алу мәселелері бойынша ақпараттық буклеттер таратылды. Қызмет алушыларға өтінішті электрондық үкімет порталы арқылы беру тәртібі, электрондық мемлекеттік қызметті алудың артықшылықтары, сондай-ақ электрондық апостильді қолдану ерекшеліктері түсіндірілді.
Сонымен қатар, азаматтарға уәкілетті органның қайта тіркеуге өтініштерді қабылдау мерзімін 2026 жылғы 31 шілдеге дейін ұзартуына байланысты қолданыстағы пәтер меншік иелерінің кооперативтерін (ПИК) және пәтер меншік иелерінің тұтыну кооперативтерін (ПМТК) қайта тіркеу мәселелері бойынша ақпараттық буклеттер табысталды. Буклеттерде заңнамаға енгізілген өзгерістер, қайта тіркеуден өту тәртібі, қажетті құжаттардың тізбесі және мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері туралы ақпарат қамтылған.
Өткізілген іс-шара халықтың мемлекеттік қызметтер туралы хабардарлығын арттыруға, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және азаматтарға тіркеу қызметі мәселелері бойынша практикалық көмек көрсетуге бағытталған.









