
А.Суханбаев атындағы орталық саябақта Ұлттық домбыра күні мен Астана күніне арналған мерекелік концерттік бағдарлама жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Мерекелік шара қазақтың қасиетті күйлерімен басталып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Кештің басты сәніне айналған «Шолпан» халықтық ән-би ансамблі көрермендерге ұлттық өнердің жауһарларын тарту етті. Ансамбл Құрманғазының «Адай» күйі, Садық Кәрімбаевтың «Жетісу» шығармасы, Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйі, «Күй тартыс», «Сайра бұлбұл», «Тобылғысай», «Сүгірдің термесі», Қасқырбай Нарбатырдың «Байзақ жері» және «Көне Тараз күмбірі» сынды туындыларды орындап, көрермендердің зор қошеметіне бөленді.
Мерекелік кеш аясында дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқауға қатысқан сегіз отбасының ішінен үздік деп танылған үш отбасы марапатталып, оның екеуі облыстық кезеңге жолдама алды. Жеңімпаздарды аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов құттықтап, отбасы құндылықтарын насихаттауға үлес қосып жүрген жанұяларға алғыс білдірді.
Концерттің екінші бөлімінде Астана күніне арналған патриоттық және заманауи әндер шырқалды. Мейірім Хамзина «Астана», Динара Қыпшақ «Басқа қала», Айғаным Жаңабаева «Сайра бұлбұл», Дәулет Оңғарбай «Маған ұнаған», Дамира Жұмабекова «Қазақ елі» әндерін орындап, елордаға деген мақтаныш сезімін ән арқылы жеткізді.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, елдік рухты асқақтатқан тағылымды кеш аудан тұрғындарына ерекше әсер сыйлап, қос мерекенің мән-маңызын айшықтай түсті.







