Полиция қызметкерлері шетелдік туристке Алакөлге апарар жолды табуға көмектесті

    Полиция қызметкерлері шетелдік туристке Алакөлге апарар жолды табуға көмектесті

    Талдықорған қаласы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Алакөл көліне бара жатқан шетелдік туристке көмек көрсетті. Сапар барысында бағытынан жаңылған турист діттеген жеріне қалай жетуді білмей, қиын жағдайға тап болған.

    Қызмет атқару кезінде полиция қызметкерлері абдырап тұрған шетелдік азаматты байқап, оған көмек қажет екенін анықтады. Тілдік кедергіге қарамастан, ағылшын тіліндегі бастапқы білімдері мен онлайн-аудармашының көмегі арқылы олар еркін тіл табысты.

    Полицейлер туристің бағытын нақтылап, Алакөлге қалай жетуге болатынын егжей-тегжейлі түсіндіріп, карта арқылы жол сілтеді және оның сапарын қауіпсіз жалғастыра алатынына көз жеткізді.

    Шетелдік қонақ көрсетілген көмекке ризашылығын білдіріп, полиция қызметкерлерінің сыпайылығы, жанашырлығы мен қонақжайлығы үшін алғысын жеткізді.

    Мұндай оқиғалар полиция қызметінің қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етумен ғана шектелмейтінін тағы бір мәрте көрсетеді. Полиция қызметкерлері күн сайын азаматтар мен еліміздің қонақтарына қолдау көрсетіп, қиын жағдайға тап болған жандарға көмек қолын созып келеді.

    Жетісу облысының Полиция департаменті тұрғындар мен өңір қонақтарына қандай да бір көмек қажет болған жағдайда полиция қызметкерлеріне жүгінуге болатынын еске салады. Тәртіп сақшылары әрдайым көмек көрсетуге дайын.

    Ұқсас материалдар

    "Жетісу облысының Полиция департаменті" жаңалықтары