
Павлодар облысы полициясында зор құрметке ие отбасылардың бірі – отставкадағы полиция полковнигі Жәнібек Маратович Кабышев пен полиция подполковнигі Алмагүл Төлегенқызы Кабышева. Олардың өмір жолы – мемлекетке адал қызмет етудің, жоғары кәсібиліктің және отбасылық құндылықтарға беріктіктің жарқын үлгісі.
Жәнібек Маратович ішкі істер органдарында 20 жылдан астам қызмет атқарды. Университетті тәмамдағаннан кейін еңбек жолын Ертіс аудандық полиция бөлімінде учаскелік полиция инспекторының көмекшісі болып бастады. Өз ісіне деген адалдығының, еңбекқорлығының және жоғары кәсіби біліктілігінің арқасында ол қызметтік сатылардың барлығынан абыроймен өтіп, әртүрлі жауапты лауазымдарды лайықты атқарды. Полиция полковнигі арнайы атағымен Павлодар қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары лауазымына дейін көтеріліп, 2026 жылдың ақпан айында құрметті еңбек демалысына шықты. Оның мол кәсіби тәжірибесі бүгінгі күні де әріптестері мен жас буын полиция қызметкерлері үшін тағылымды үлгі болып табылады.
Қызмет барысында, 2003 жылы, ол болашақ жары Алмагүл Төлегенқызымен танысты. Бүгінде олар екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Балаларына адалдықты, еңбекқорлықты, отансүйгіштікті және жоғары адамгершілік қасиеттерді өздерінің өнегелі өмірі арқылы дарытып келеді.
Алмагүл Төлегенқызы қызмет жолын 2001 жылы Ертіс аудандық полиция бөлімінің мемлекеттік тілді дамыту тобының инспекторы ретінде бастады. Қазіргі уақытта Павлодар қаласы полиция басқармасының аға тергеушісі қызметін атқарады. Қызметінің алғашқы күнінен бастап ол заңдылық, әділдік және жоғары жауапкершілік қағидаттарын басты ұстаным етіп келеді.
Құқық қорғау органдарындағы қызметке ғұмырын арнаған ерлі-зайыптылар кәсіби міндет пен отбасы алдындағы жауапкершілікті үйлестіре білді. Әріптестері олардың кәсібилігін, қарапайымдылығын және өз ісіне деген адалдығын жоғары бағалайды. Кабышевтер отбасы үшін полициядағы қызмет – жай ғана мамандық емес, бұл – мемлекетке қызмет етуге, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған өмірлік миссия.
Олардың өмір жолы – өзара сыйластық пен берік отбасылық құндылықтардың бақытты әрі тағылымды өмірдің берік негізі екенін айқын дәлелдейтін өнегелі үлгі.









